RU

Айнұр Ілиясова: Қыз келін болып түскенде, күң болу үшін келмейді

Айнұр Ілиясова
Фото: Instagram/ainur_ilyasova

Отандық танымал актриса Айнұр Ілиясова әлеуметтік желіде барынша ашылып, қоғамда қызу талқыланып келе жатқан келін мен ене арақатынасы мәселесін көтерді. Отбасылы өнер иесі бұл тақырыпқа қатысты қандай ойда екенін айтып, қос тараптың жіберетін қателіктерін тізіп шықты деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Айнұр Ілиясова бүгінгі қоғамның күрделі мәселелелрінің бірі болып табылатын келін мен ененің қарым-қатынасына қатысты өз пікірімен бөлісті. Белгілі актриса Instagram парақшасында азулы жазба жариялап, өз жан сырын ақтарды.

Өнер иесі келінге қатысты халық арасында қате түсінік қалыптасқанын алға тартты. Оның айтуынша, қыз бала біреудің үйіне күң болу үшін емес, бақытты болу үшін келеді.

"Келін жаман ба, түскен жері жаман ба? Бұл фильмнің дәл осы сахнасында мен шынымен жыладым. Сол рөлде келінді сезіндім. Себебі, жат жұрттық қыздың түскен жеріне үйренісе алмай жүргенде, оған айтылатын әр сын, «отырсаң опақ, тұрсақ сопақ», күң ретінде қарау, ұлына оны тең көрмей, «...ана қызды алу керек еді, мынаның тәрбиесі жоқ, қолынан түк те келмейді...» сынды ойлары, бәрі де моральдық тұрғыдан ауыр келетінін сол келіннен басқа кім түсінеді?

Түскен келіннің статусына қарау да етек жайып бара жатқан дәстүрге айналды. Егер алған келін ақшасы, билігі бар жерден болса, онда мақтануға сылтау, “біздің келін сондай, біздің құда-құдағиларымыз осындай”, ал қарапайым отбасыдан шыққан қыз сонда адам емес пе?! Өздеріңіз де білетін шығарсыздар, жақында болған оқиғаны. Әйелін тепкінің астына алған еркектің әрекетіне (еркек деп айтуға да аузың бармайды) отбасы, туыстары бәрі көз жұмды. Былай қарасаңыз, қылмыс қой. Бірақ олардың ойынша, онда тұрған ештеңе жоқ. Барынша сол еркектің әрекетін жауып, келінді жынды деп, жындыханадан бірақ шығарды.

Барлығы жақсы, оның өзі кінәлі деп, тіпті күйеуі ғана емес, ене, қайын әпкесі қол көтеретін де жағдайлар болады. Ондайлар қаншама, тек қыздар «ұят» деген тәрбиемен өскендіктен, айтуға ұялады, қорқады. Бұл жерде ең бірінші не жоқ? Адамға деген сыйластық, адамгершілік жоқ. Өзгенің мәпелеп өсірген қызын ұрып-соғып жатқанда, өзінің де қызын, қарындасын, әпкесін солай соқса не болар еді? Тіпті олай ойламай-ақ қойсын, жүректе кішкене болсын адамгершілік қасиет болу керек қой?!

Қыз келін болып түскенде күң болу үшін емес, бақытты болу үшін келеді. Ал бізде таңертеңнен кешке дейін үй шаруасы, сол үйдің адамдарының айтқанын орындаумен, тепті көрумен, былайша айтқанда, қызметші рөлінде күн, айлар, жылдар, солайша өмірінің қалай өтіп кеткенін байқамай қалады. Ал қыз, ең бірінші, ұрпақ тәрбиелейтін нағыз тұлға ғой. Текті, тәрбиелі ұрпақ қалу үшін келін күң болу керек деген заң, дәстүр бар ма, қазақта? Бұған әрине «жоқ» деп жауап бересіздер. Ең бастысы, осының бәрі де біздің өзімізден, яғни әйелдерден шығып жатыр. Келіннің енесі еркек емес қой, әйел! Әйелін соққан еркекке қолдау көрсеткен анасы да әйел" , - деп ағынан жарылды ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1890722-ajnr-iliasova-kyz-kelin-bolyp-tskende-k-bolu-sin-kelmejdi/