RU

"Тойымыз болмаған еді": Отандық журналистер тікелей эфирде үйлену тойын өткізді

Тікелей эфир кезіндегі той
Фото: Видеодан кадр

Қазақстандық танымал журналистер Ғалым Кәлмен мен Әсем Изатқызы тікелей эфир кезінде үйлену тойын өткізіп, көпшілікті таңғалдырды. Ақпарат өкілдері бірнеше жыл бойы некеде тұрғанымен, дүркіретіп думанды той өткізбеген болып шықты деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Пендеміз ғой" атты отандық бағдарламаның тізгініндегі журналист Ғалым Кәлмен тікелей эфир кезінде әйелінің асқақ арманын орындап, елді тәнті етті. Отау құрғандарына бірнеше жыл өтсе де, аталмыш жұпта үйлену тойы болмаған.

Сол себепті, белгілі тележүргізуші думанды шараны бағдарламаға қонақ болып келген сыйлы тұлғалар мен сансыз көрермендердің алдында өткізуді ұйғарған. Ол "Той жыры" тақырыбы қозғалған сәтте көңілі босап кеткен жарын өз-өзіне келіп алу үшін сыртқа шығарып салады.

Кейін Әсем Изатқызын гримм бөлмесінде қалыңдық көйлегі күтіп тұрған. Ол жолдасының мұндай тосын сый жасайтынын күтпегені анық. Ақпарат өкілі студияға ақ көйлекпен қайта оралғанда көз жасын тыя алмады.

Ерлі-зайыпты журналистер тікелей эфир кезінде би билеп, үйлену тойын өткізді. Бағдарламаға келген жұлдызды қонақтар оларға ән салып, өз ақ тілектерін жолдап жатты.

Ғалым Кәлменнің келіншегі де той көйлегін киетін күн енді келмес деген ойда болғанын жасырмады. Алайда, күйеуінің бұл әрекеті оны қатты қуантқан.

Әсем Изатқызын алдап, оған естен кетпес тосын сый жасау операциясына "Пендеміз ғой" бағдарламасының бар ұжымы қатысып, атсалысқан. Олардың ешбірі тележүргізушіге бұл жоспар жайында соңына дейін тіс жармаған.

Үйлену тойдың үзіндісі Instagram желісіндегі qaz.stars парақшасында жарияланған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1890934-tojymyz-bolmagan-edi-otandyk-zurnalister-tikelej-efirde-jlenu-tojyn-tkizdi/