RU

Нарымбетов: Прокатты қайтарып, жылына кемінде бір тарихи фильм шығару қажет

Сатыбалды Нарымбетов
Сатыбалды Нарымбетов. Фото: qazaqtimes.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған жаңа мақаласында тарихи фильмдерді қолдау мәселесін қозғаған еді. Осы орайда Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетов ҚазАқпарат агенттігіне пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай фильмдер заманауи Қазақстанның одан әрі дамуы үшін қажет, сондай-ақ болашақ өскелең ұрпақ үшін, тіпті әрқайсымыз үшін маңызды рөл атқарады.

Қазақ режиссері қазіргі жаңа ұрпақ, өкінішке қарай, басқа ұлттың тарихынан, Голливуд фильмдерінен тәрбие-тәлім алып жатқанын атап өтті.

«Сондықтан, біздің Президентіміз ғасырлар бойғы шаң басып кеткен ұлтымыздың автопортретін қазып алып, қалпына келтіру керектігін айтады! Ол үшін көп күш жұмсап, әрқайсымыздың, кім болсақ та, шынайы ниетімізді білдіруіміз керек. Бұл біздің қасиетті парызымыз.

Біріншіден, бұл тарихшылардың, суретшілердің және әсіресе кинематографистердің парызы. Мені «тағы да тарихи фильмдер ме», «бізде кадрлар жоқ» деген секілді тек сенімсіз пікірлер мазалайды. Қазақ киносына деген сенімсіздік тағы да байқалады.

Бірақ, бізде көптеген дарынды жастар бар, олар карантин кезінде де лайықты сыйлықтарға ие болды. Неліктен біз оларға отандық кинопрокат арқылы қолдау көрсетпейміз?», - дейді ол.

Сондай-ақ, кино майталманы қазақ көрерменіне отандық туындылар мүлдем көрсетілмейтінін алға тартып, кинотеатрлар голливудтық өнімнен гөрі қазақстандық фильмдерді көбірек көрсетуі үшін отандық кинопрокатты қайтару керектігін айтады.

«Өз елімізде шетелдік фильмдерді прокаттау арқылы біз көрермендердің санасына бөтен идеологияны өз еркімізбен енгізіп жатқанымызды және тіпті олардың фильмдеріне субсидия бөліп отырғанымызды бәрі бірдей түсіне бермейді. Ал бұл біздің жас мемлекетіміз үшін қауіпті.

Голливудтық экшн-фильмдер, еуропалық фильмдер, авангард көрсетіле берсін, бірақ басты назар біздің отандық кино өнімдеріне аударылсын.

Прокатты қайтарып, жылына кемінде бір тарихи фильм шығарып, оны үлкен экранда көрсету қажет.

«Қазақ елі» лайықты фильм емес пе? Өте жоғары дәрежеде жасалған. Ал оған неге сенімсіздікпен қараймыз?

Міне, осындай сенімсіздік біздің тарихи кадрларға, «Көшпенділер» фильміне шетелдіктерді жұмылдыруға итермеледі. Ол кезде біздің кино түсіруге әбден лайықты үміткерлеріміз бар еді – Тимур Бекмамбетов, сосын Абай Қарпықов, Ардақ Әмірқұлов, бірақ оларға ешкім тіпті бет бұрған жоқ.

Бізде әрдайым «бөтен бақшадағы жеміс тәттірек» деген психологиялық фактор қосыла кетеді. Біздің бақтың да жемістері тәтті, тек дәмін татып көру керек», - деп түйіндеді режиссер Нарымбетов.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/showbiz/1892811-narymbetov-prokatty-kajtaryp-zylyna-keminde-bir-tarihi-film-sygaru-kazet/