RU

"Аманатқа қиянат": Қазақстандық жұлдыздар Отбасы туралы жаңа заңға қарсы шықты

Алтынай Жорабаева қыздарымен
Фото: Instagram/altynaizhorabayeva

Отандық өнер жұлдыздары отбасыдағы зорлық-зомбылыққа қатысты жаңа заңға өз қарсылықтарын ашық білдіруде. Әртістердің ойынша, аталған жаңа заң жобасы қазақ ұлтының болашағына балта шабады деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Қазақстандық шоу-бизнес өкілдері "Баласын ата-анасынан қорғау" туралы заңға түбегейлі қарсы.

Өнер иелері арасынан алғашқылардың бірі болып, бұл жағдайға қатысты Алтынай Жорабаева пікір білдірген.

Әнші өзінің Instagram парақшасында жазба жариялап, жаңа заңды сынап тастады.

"Зорлық зомбылыққа қарсы Заң шығады екен дегенде, алғашында кәдімгідей іштей қуанып қалып едім. Себебі, қаншама әйел күйеуінен адам танымастай таяқ жеп, біразы сол аманат қылып алған өз күйеулерінің қолынан қаза тапты. Қаншама бүлдіршіндер, жеткіншектер педофилдердің құрығына түсіп, өмірлерінің күл-талқаны шықты. Осыған тосқауыл болатын болды-ау деп ойлап едім. Сөйткен заңымыз, дәстүрімізге, болашағымызға, яғни қазақ ұлтының болашағына балта шапқалы тұрған заң екен.

Алла сақтай гөр! “Баласын ата-анасынан қорғау заңы” деген неғылған заң?! Ол заңды естудің өзі, көрудің өзі былай тұрсын, тіпті ми қабылдай алмай тұр. О заманда, бұ заман қазақ халқының бала тәрбиесіне батыстағы педофил заң орнатпақшы ма?

Балаларымызға күнделікті тәрбиелік сөздерді айта береміз. Бірақ балаларымыздың құлағына жауыр болған сөздер! Жауыр болса да ,болашағы үшін айтылуы тиіс сөздер! Жалпы,отбасы болған жерде, ері әйелін сыйласа, әйелі қашанда соңғы сөзді еріне қалдырып отырады емес пе? Қызы анасының ақылын тыңдап, ұлы әкеге қарап бой түземей ме? Отбасының гармониясы, ата-бабамыз үйреткен жол да осы емес пе?

Бұғанасы қатпаған, көзқарасы қалыптаспаған балаға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтып, жол көрсете алмасаң, ол баланы жаңағы ( бала зорлағыш, жыныс ауыстырғыш, еркегі еркекке, әйелі әйелге ғашық болғыштардың) үгітіне, қоғамына шақырып алып кетпесіне кім кепіл? Мен Қазақстанымның болашағы үшін, ана ретінде бұл заңға қарсымын" , - деп жазды Жорабаева.

Өнер иесінің айтқанына Қайрат Нұртастың жары да толықтай қосылатын болып шықты. Жұлдыз Әбдікәрімова да отбасыдағы зорлық-зомбылыққа қатысты жаңа заң жобасына шүйлікті.

"Бізге анамыз “тәйт” деді, одан жаман болған жоқпыз. Біз анамыздан керек жерінде “ш” витаминін жедік, одан еш жеріміз сынған жоқ. Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды. Елдегі талқыланып жатқан заңды естіп, балаларымыздың болашағын елестетудің өзі қорқынышты болды. Депутаттар сайланғанша елім-жерім-халқым деп, сайланған соң халықтың нанын да, жанын да жемесе дейміз. Бұл заң қоғамға хаус әкеледі. Ертең бәленшенің баласы қысым көріп жатыр деп хабарлап, пайда жасайтындар шығады.

Құқық қорғау органына хабарлаймын деп ата-анаға шантаж жасайтындар көбейеді. Бұның соңы - жемқорлық бизнеске әкеледі. Мысалы, балаңызды жай шапалақпен шөлп еткеніңіз үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 1000 МРП 2 778 000 теңге төлейсіз немесе 500 сағат қоғамдық жұмысқа тартыласыз, болмаса 2 жылға дейін бас бостандығынан айырыласыз. Америкаға еліктегіміз келсек, халқына сапалы өмір, сапалы білім беретін тұсын неге алмаймыз, медицина жағынан неге ұқсауға тырыспаймыз?!

Егер қазақтың баласына жаныңыз ашып, қамқор болғыңыз келсе, бірде тоқ, бірде аш ұйықтар қамқорсыз қалған, ата-анасынан ерте айырылған балаларға жағдай жасаңыздар. Баланы үйіндегі ата-анасынан емес, түздегі педофильден қорғаңыздар. Бала - Алланың ата-анаға берген аманаты. Оны мұндай заңмен шектеу және бір-бірінен алшақтату - аманатқа қиянат деп білем. Біз қарсымыз", - деп жазды ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1894262-amanatka-kianat-kazakstandyk-zldyzdar-otbasy-turaly-zaa-zaga-karsy-sykty/