Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қашан шығатыны белгісіз": "МузАрт" директоры Бесбаевтың жағдайымен бөлісті

Опубликовано:

Мейрамбек Бесбаев пен Ерлан Жүнісбай
Фото: Instagram/m_besbaev

Коронавирус диагнозымен ауруханаға түскен Мейрамбек Бесбаевтың қазіргі жағдайы белгілі болды. Бұл туралы "Музарт" тобының директоры Ерлан Жүнісбай айтып берді.

Белгілі болғандай, Мейрамбек Бесбаевтың жағдайы бүгінде жақсы. Эстрада жұлдызы жансақтау бөлімінен жеке палатаға шыққан. Әншінің денсаулығына қатысты ақпаратпен "МузАрт" тобының директоры Sputnik Қазақстан басылымына берген сұхбаты барысында бөлісті.

"Ауруханада жатыр, жағдайы жақсы. Хабарласып отырмыз. Коронавирустың жеңіл түрімен ауырып қалған. Қай күні ауруханадан шығатыны белгісіз, біраз уақыт дәрігерлердің бақылауында болады", - деді Жүнісбай.

Айтуынша, ауруханаға түсер алдында әнші науқастанып қалған соң анализ тапсырып, үйінде болған. 

"Қан қысымы түсіп кеткен соң, жедел жәрдеммен емханаға жеткізілді. Ол уақытта коронавирустың бар-жоғы нақтыланып қойғаны немесе індет жұқтырғанын білген-білмегенінен нақты хабарым жоқ. Себебі көзбе-көз кездеспеген соң, науқас адамға қайта-қайта хабарласып, мазасын ала бергіміз келмеді. Қазір палатаға шықты, жағдайы жақсы. Денсаулығына еш шағымы жоқ", - деді топтың директоры.

Мейрамбек Бесбаев көпшіліктің өзіне жолдаған ақжарма тілектерін жақсы қабылдаған. Топ директорының сөзінше, халықтың жылы лебізінен кейін әншінің көңіл-күйі айтарлықтай көтеріліп қалды.

"Мейрамбек ауырып қалғанын жарияламайтын еді. Бірақ бір жағынан халық та аурудың бар екенін түсінсін деп санады. Ал бірнеше жерде Мейрамбектің бұрын коронавирусқа сенбегені жайлы ақпарат жүр. Ол – жалған. Ондай сөз айтылған жоқ. Керісінше халыққа індеттің бар екенін айтып, көпшілік жиналатын орындарға бармауға шақырып жүрді" , - дейді Ерлан Жүнісбай.

"МузАрт" директорының айтуынша, Бесбаев ауырып қалған соң оның отбасы да коронавирустың бар-жоғын анықтауға тест тапсырды.

"Келіншегі, бала-шағасы аурудан аман. Коронавирусқа тапсырған сынама бәрінде теріс шықты. Мейрамбек соңғы уақытта көп адаммен кездескен жоқ. Себебі жаңа жылға дейін де, жаңа жылдан кейін де жұмыс істеген жоқпыз. Көпшілік жерге бармадық. Негізінен, үйінде болды", - дейді ол.

Топ директоры Бесбаевтың өзі қай жерде инфекция жұқтырғанын білмейтінін жеткізді.

Айта кетейік, кеше 17 қаңтарда әнші Мейрамбек Бесбаевтың коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауруханаға түскенін хабарлаған болатынбыз. Қазіргі уақытта әнші Алматыдағы ауруханада ем қабылдауда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1894318-kasan-sygatyny-belgisiz-muzart-direktory-besbaevty-zagdajymen-blisti/

pixel