RU

Ел арасында "Тақиялы періште" атанған Әлімғазы Райымбеков дүниеден озды

Тайлақ1
Фото: qazaquni.kz

"Тақиялы періште" кинофильміндегі басты кейіпкер Тайлақтың рөлін сомдаған актер Әлімғазы Сұмағұлұлы Райымбеков 85 жасында дүниеден озды.

Қайғылы хабар туралы ақын Қалмаханбет Мұқаметқали Facebook парақшасында мәлім етті.

"Бақұл болыңыз, Тайлақ... Қазақ өнерінің "Тақиялы періштесі" атанған Әлімғазы ақсақалға уақыт болыпты", - деп жазған ол.

Әлімғазы Сұмағұлұлы 1936 жылы 1 желтоқсанда Алматы облысында туған. Қазақстанның мәдениет қайраткері. Алматы облысының Құрметті азаматы.

Қазақ кино әлемінде өшпес із қалдырған тұлға оннан астам фильмге түскен. Оның ішінде "Ән қанатында", "Қилы кезең", "Көгілдір такси", "Қан мен тер", "Тақиялы періште" сынды танымал кинотуындыларды атап өтуге болады.

Әсіресе 1968 жылы түсірілген Шәкен Аймановтың танымал кинокомедиясы "Тақиялы періштедегі" Тайлақтың ролі арқылы көрермен қауымға етене таныс.

Әлімғазы Райымбеков көзі тірісінде "Қамшы" порталына берген сұхбатында 10 баласы – 5 ұлы, 5 қызы, 22 немересі, 16 шөбересі барын айтқан болатын.

"Тақиялы періштедегі" Тайлақтың рөлін сомдап жүрген кезде Әлімғазы Райымбеков жүргізуші болып жұмыс істеп жүрген екен.

"Ол кезде мен жүргізуші болдым, К-700 тракторын айдадым, содан кейін 10 жыл кинода жүрдім, елге барып, мұғалім болдым. Ұстаздық қыметтен зейнетке шықтым. Әйелім жанымда, 10 балам – 5 ұл, 5 қыз, 22 немерем, 16 шөберем бар", - деген еді Әлімғазы Райымбеков.

Ақсақал сұхбат барысында өмірдің мәні туралы айтып кеткен екен.

"Адам болып өмірге келген соң, адам болып өт. Ол үшін білім ал, тарихыңды біл, салт-дәстүріңді сақта. Кеше, Совет тұсында жастарымыз тегін оқыды, бірақ алған білімдері теңізде еді. Бүгін әкелері ақшасын төлеп жатса да, ақтамайды. Дипломын алса, болды. Ондай адам ертең еліне қызмет ете ала ма?

Мынадай бір әзіл әңгіме бар екен: "Әке, "принял , сдал" деген сөздерді қатесіз жазатын болдым" деп қуаныпты бір бала. Қазір дәл осындай жастар өсіп келеді. Күрсінесің, амалың жоқ", - деген еді қазақтың тақиялы періштесі.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/showbiz/1894459-jgili-takialy-periste-filminde-basty-rldi-somdagan-limgazy-rajymbekov-dnieden-ozdy/