RU

"Үйлендім": Танымал әнші Jah Khalib отбасын құрды

Jah Khalib
Фото: Instagram/jahkhalib

Қазақстандық шоу-бизнесте Jah Khalib лақап атымен танылған әнші Бахтияр Мамедов су жаңа альбомында жеке өмірі жайлы жан сырын ақтарып, өзінің үйленіп алғанын растады. Белгілі болғандай, өнер иесі өткен жылдың жазында отбасын құрған.

Jah Khalib өмірінде орын алған қуанышты жағдай туралы Apple Music сайтына берген кезекті сұхбатында айтып берген. Ол бірер күн бұрын ғана жарыққа шығарған "Мудрец" атты жаңа альбомындағы әндерге тоқтала кетіп, олардың әрқайсысының жарына тікелей қатысы бар екенін алға тартты.

Оның үстіне "Я не прощю" өлеңін Бахтияр Мамедовтың әйелі онымен бірге қосылып айтқан болып шықты.

Алайда, әншінің таңдауы кімге түскені әзірге белгісіз. Ол жарына қатысты нақты мәліметтер беруден бас тартты. Шоу-бизнес өкілі отбасына көз тиеді деп қорқатынын жасырмады.

"Мен бір жыл бойы студияда болдым. Оқу мен дамумен айналыстым. Бар уақытымды музыкалық шеберлігімді шыңдауға жұмсадым. Студиялық жұмыста өз тәжірибемді арттыруға тырыстым. Отбасын құрдым. Үйлендім. Бізде бәрі жақсы, көз тиеді деп қорқамын.
Жарыма қатысты айтатын болсам, біз бірге болуды шешпес бұрын өте ұзақ уақыт бойы дос болдық. Ол аса қиын сәтте өміріме келді. Ол менің дінге оралуыма көмектесті. Үнемі маған қолдау көрсетіп, қасымнан табылған жан. Мен бақыттымын", - деді Бахтияр Мамедов.

Айта кетейік, Jah Khalib тек қана Қазақстан аумағында ғана танымал емес. Рэп орындаушының әндері ТМД елдерінде де аса кеңінен таралған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1895520-jlendim-nsi-jah-khalib-otbasyn-krdy/