"Тоқаевқа хат жазамын": Анатолий Цой еңбек сіңірген қайраткер атағына лайықты екенін айтты
Жарияланған күні:
Қазақстандық әнші Анатолий Цой өзінің асқақ армандары мен болашаққа деген жоспарларымен бөлісті. Өнер иесі алдағы уақытта Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алғысы келетінін ашық айтты. Шоу-бизнес өкілі ол үшін тіпті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазуға дайын болып шықты деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Анатолий Цойдың Ресейде тұрып жатқанына осымен жетінші жыл өтті. Өзге елде жүргенімен отандық әнші азаматтығын ешқашан ауыстырмайтынын кесіп айтты. Алайда, бұл жайында бірнеше мәрте ойланғанын жасырмады.
"Мен паспортымды ауыстыруға қатысты көп рет ойландым. Себебі, тұруға ыхтиярхатты алғанда, сен азаматтықты да оңайшылықпен аласың. Бірақ, бұл маған керек емес. Біріншіден, мен өз Қазақстанымның еңбек сіңірген қайраткері атағын алғым келеді" , - деп ашығын айтты өнер иесі.
Шоу-бизнес өкілі бұл арманы жайында бұған дейін ешкімге айтпаған. Бірақ, "Без фильтров" бағдарламасына берген сұхбаты барысында ол жан сырын ақтарып, өзі жайлы тың мәліметтермен бөлісті.
"Жиырма жыл бойы мен мемлекеттік негізде жұмыс істеп келдім. Талдықорған қаласында туып өстім. Сол жерде жақын достарыммен бірге мәдениет сарайында жұмыс істедім. Біз мемлекеттік шараларда ән салатын едік" , - деді ол.
Белгілі болғандай, Анатолий Цой бір кезде "Гүлдер" ансамблінде де жұмыс істеген. Алайда, оның сөзінше, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алуға бір жыл қалғанда ұжым оны жұмыстан шығарып жіберген. Нәтижесінде әнші өз арманына қол жеткізе алмады.
"Мен бұл атаққа лайықтымын, тер төгіп еңбектендім. Миллиондаған қайырымдылық концерттер бердім" , - деп қоса кетті әнші.
Анатолий Цой жұмыстан шығып кетіп, өзі армандаған "еңбек сіңірген қайраткер" атағын иеленбегеніне әлі де көніге алмай жүр.
"Меніңше, бұл барып тұрған әділетсіздік. Еңбек сіңірген қайраткер атану үшін президентке хат жазуға да дайынмын. Себебі, мен ол үшін қатты еңбектендім. Олардың ойынша, ол кезде мен тым жас едім. Олар маған: "Саған әлі не бар? Үлгересің. Сен небәрі 24 жаста болып, еңбек сіңірген қайраткер болғың келеді" деген болатын. Бұл шынымен менің асқақ армандарымның бірі. Негізі бұл атақ ештеңе бермейді. Бірақ, мен бұл атақтың болғанын қалаймын. Ал паспортымды мен ауыстырмаймын. Себебі, маған осылай қолайлы. Бұл менің үйім, менің отаным ғой" , - деді Цой.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1896689-tokaevka-hat-zazamyn-anatolij-coj-ebek-siirgen-kajratker-atagyna-lajykty-ekenin-ajtty/