"Нәтижесін көреміз": Анатолий Цой Тоқаевқа ресми түрде хат жолдады
Жарияланған күні:
Ресейлік "Mband" тобында өнер көрсетіп қалың көпшілікке танылған отандық әнші Анатолий Цой Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алғысы келетінін ашық айтқан болатын. Ол үшін өнер иесі ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазуға дайын екенін де жеткізген. Нәтижесінде әнші бұл ойын іске асырған деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Өз елінің еңбек сіңірген қайраткері болуды арман еткен Анатолий Цой мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ресми түрде хат жолдады. Белгілі болғандай, әншінің өтініші қабылданып, жақында оны кездесуге шақырған. Бұл туралы өнер иесі "Paparazzi" бағдарламасына берген сұхбаты барысында айтты.
"Бұл қаншалықты әділ? Халықтың аузына қақпақ бола алмайсың. Әркім өз пікірін айтады. Адамдар көбіне өздері білмейтін нәрселер туралы айтқанды жақсы көреді. Мен өмірімнің үлкен бөлігін Қазақстанда мемлекеттік негізде жұмыс істеумен өткіздім. Көптеген қайырымдылық концерттерде өнер көрсеттім. Біз балалар үйі мен ерекшеліктері бар мұқтаж жандарға арналған көптеген концерттерді ұйымдастырдық.
Президентке хат жолдауға қатысты айтарым бар. Мен президент әкімшілігіне өтінішімді жазып өткізіп қойдым. Хатым қабылданып, алдағы уақытта маған кездесу белгіленді. Мен президент орынбасарымен онлайн кездесу өткізетін боламын. Мұны бірінші рет айтып отырмын. Бұған дейін ешкім білмеген. Жақында мен кездесетін боламын. Нәтижесін көреміз. Президент әкімшілігінде қандай жауап алатынымды алда көрерміз" , - деді Анатолий Цой.
Айта кетейік, бұған дейін өзінің асқақ армандарымен бөліскен Анатолий Цой болашақта Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алғысы келетінін ашық айтқан еді. Өнер иесі тіпті ол үшін президентке хат жазуға дайын екенін айтқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1900378-natizesin-koremiz-anatolii-coi-toqaevqa-resmi-turde-xat-zoldady/