"Атақ бер деп хат жазбаппыз": Мақпал Жүнісова Анатолий Цойге қатысты ойын айтты
Жарияланған күні:
Қазақ эстрадасының дүлділі Мақпал Жүнісова Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алу үшін президентке хат жазған Анатолий Цойге қатысты не ойлайтынын ашық айтты. Өнер иесі атақ сұрап, биліктің есігін қағу әншінің қадір-қасиетін арттырмайтынын алға тартты деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Мақпал Жүнісова бірнеше жыл бойы ресейлік шоу-бизнесте еңбек еткен Анатолий Цойдың әрекетіне қатысты пікір білдірді. Эстрада жұлдызы әншілік мансабын бастағалы ешкімге "атақ бер" деп хат жазып көрмегенін айтты. Сол себепті, жас өнерпаздың бұл қылығын аса құптамайтынын жеткізді.
"Paparazzi" бағдарламасына сұхбат берген Мақпал Жүнісова Цойге деген өкпе-назын айтып өткен.
"Жазғысы келсе жазсын. Жалпы мен атақтың артынан қумау керек, атақ сені қуып жүру керек деп ойлаймын. Бізде де талай атақ, даңқымыз бар ғой. Бірақ, менің концерттерімде конферансье деген жоқ. Менің халық әртісі және тағы да басқа наградаларымды ешкім айтпайды. Халықтың алдына өзім атып шығамын. Болды. Халық ду қарсы алады. Әр әншіде сондай махаббат болу керек.
Сахнада жүргеніме жақында 40 жыл болады. Атақ бер деп хатжазып көрмеппіз. Осы жақында ғана "Құрмет" орденін алдым. Сөйтсем, оны менен 20 жас кішілердің барлығы алып алған екен. Мен оны өзім алған кезде бір-ақ білдім. "Сізге енді беріп жатыр ма?" дегенде бір түрлі болып қалдым. Ол адамдар да хабарламаған. Өздерінің орденін алғандарын айтпай жүре берген.
Ал Анатолий жайлы айтатын болсам. Беріп жатса алсын. Бермесе, "маған неге атақ бермейсіңдер?" деп есік қағу өте ыңғайсыз нәрсе. Ол бәрібір сенің қадір-қасиетіңді арттырмайды.Анатолийге айтатын назым бар. Осы қазақ мемлекетіне еңбегі сіңіп, қазақтың әндерін көбірек айтып халықтың батасын алса атақ өзімен өзі келеді. Халық сені құрметтесе сол атақтан да жоғары деп ойлаймын" , - деді әнші.
Айта кетейік, бұған дейін Анатолий Цойдың ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазғанын хабарлаған болатынбыз. Өнер иесі өтініші қабылданып, жақында оны кездесу күтіп тұрғанын айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1900384-ataq-ber-dep-xat-zazbappyz-maqpal-zunisova-anatolii-coige-qatysty-oiyn-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.