Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқтар Серіков: Әкемді сағынғанда тонын киіп аламын, әлі күнге дейін иісі бар

Жарияланған күні:

Тоқтар Серіков
Фото: Видеодан кадр

Қазақ эстрадасының жұлдызы Тоқтар Серіков марқұм әкесін есіне алып, оған деген өз сағынышын жеткізді. Өнер иесінің асқар тауы әкесі 2014 жылы ұзақ уақыт ауырып, дүние салған деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Тоқтар Серіков әкесі жайлы жан сырын "Еуразия бірінші" арнасындағы "Ең алғашқы" бағдарламасында ақтарған. Әнші оның қазасын өміріндегі ең үлкен өкініші санайтынын айтты.

Кішкентайынан өзін өнерге баулып, қасынан тастамай алып жүрген, өмірлік ұстаз болған асқар тауынан айрылу өнер иесіне оңай соқпаған.

Өнер иесі әкесін сағынған кезде оның тонын киіп алады екен. Ол тонда әкесінің иісі әлі де бар екенін айтты.

"Әкемнің қазасы – өмірімдегі ең үлкен өкініш. Мектептке оқитын кішкентай кезім. Көрпенің астына кіріп кетіп жылайтынмын. Сонда осы күнді ойлайтынмын. Түбі мен әкем мен шешемнен айрылып қалам ғой деп ойлайтынмын. Сол өкініш кішкентай кезімде көкейімде тұратын. Сол кезде "Алла Тағала, менің әке-шешеме тиіспей-ақ қойшы" деп жалынатынмын.
Ең үлкен қасірет – жақыныңнан айрылу. Әкемнің үйге соңғы киіп келген тоны бар. Басқа киімдерін жібердік. Тонын ешкім сұрамаса екен деп, тығып қойғам. Әлі күнге дейін әкемнің иісі бар. Кейде тоңам. Сағыныштан тоңам. Кәдімгідей іздеп, қалтыраймын. Сол кезде әкемнің тонын кием де, бөлмеге кіріп алып жатам. Балаларым көріп қоймасын деп, тығылып жылаймын. Адам баласының ішінде ешкім біле бермейтін дүниелер бар. Соның бірі осы – әкеме деген сағыныш " , - деп ішіндегі сырын айтты Тоқтар Серіков.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1901766-toqtar-serikov-akemdi-sagynganda-tonyn-kiip-alamyn-ali-kunge-deiin-iisi-bar/