Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бауырының 80%-ын алып тастады": Әлия Әнуарбек күйеуінің неден қайтыс болғанын айтты

Опубликовано:

Әлия Әнуарбек
Әлия Әнуарбек. Фото: Видеодан кадр

Отандық танымал актриса Әлия Әнуарбек жолдасының өліміне қатысты өз жан сырын ақтарып, алғаш рет оның неден көз жұмғанын айтты. Өнер иесі соңына дейін күйеуінің аяққа тұрып кететініне сенген деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Әлия Әнуарбек жолдасы өмірден өткен соң алғаш рет сұхбат беріп, оның өліміне қатысты бар шындықты айтты. Актриса басынан өткен аса ауыр кезеңді еске алып, жан жарасын "Честно говоря" бағдарламасында жеткізген.

Өнер иесі журналист Тимур Балымбетовпен тілдесу барысында күйеуімен қалай танысқанын, махаббат хикаясы мен одан айырылған сәт туралы сөз қозғады.

Белгілі болғандай, Әлия Әнуарбектің жұбайы 2019 жылдың соңында өзін нашар сезіне бастаған. Тиісті тексерістерден соң, оның онкомаркерлер көрсеткіші шамадан тыс жоғарылап кеткені анықталған. МРТ мен биопсия процедураларынан кейін Азаматтың қатерлі ісікке шалдыққаны белгілі болды.

Актрисаның айтуынша, 2020 жылдың ақпан айында Германияда күйеуінің бауырының шамамен 80 пайызын алып тастаған. Операциядан кейін Азамат тез қалпына келген, рак клеткалары кеткен.

"Отадан кейінгі тексерісте нәтижелері таза болды. Ол сау адам болып шықты. Дәрігерлердің өздері таң қалып, адамның өмірін құтқарғанына қатты қуанды", - деді Әлия Ануарбек.

Жұлдызды жанұя отағасының қалпына келу үрдісі барынша жақсы өту үшін бірнеше ай бойы Дубайда тұрған. Алайда, уақыт өте келе Азаматтың денсаулығы қайтадан нашарлай бастады. Актрисаның отбасы оны химияның жанама әсерлері деп ойлаған. Кезекті МРТ-дан соң, дерттің кетпегені анықталды. Дәрігерлер бүкіл денеде метастаздар пайда болғанын айтқан.

"Германиядағы дәрігер оның жарты жылы қалғанын айтты. Химия оған көмектеспейді, ол тек қолдау көрсетіп, өмірін ұзарта алады. Мен дәрігерден бұл туралы жұбайыма айтпауды өтіндім. Еңсесі түседі деп қорықтым. Бірақ дәрігер оған айтқан. Осылайша, жұбайым бұл шындықты менен жасырды. Мен одан жасырдым. Біз бір-бірімізді ренжітуден қорықтық. Әркім өзі үшін мүмкіндік жоқ екенін білді", - деп бөлісті Әлия.

Еске сала кетейік, Әлия Әнуарбектің жолдасы қауіпті дертпен қанша күрескенімен, 2020 жылдың қыркүйек айында көз жұмды.

Ерлі-зайыптылардың екі қызы бар. Алиша (5 жаста) және Амели (2 жаста).

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1902122-bauyrynyn-80-yn-alyp-tastady-aliya-anuarbek-algas-ret-kuieuinin-neden-qaitys-bolganyn-aityp-berdi/

pixel