Төреғали мен Толқын болашақ баласының жынысын анықтады (видео)
Жарияланған күні:
Қазақ эстрадасының жұлдызы Төреғали Төреәлі мен оның әйелі бесінші баласын күтуде. Жұлдызды әулет бұл жаңалықты көпшіліктен жасыруды қойған. Олар өз қуанышымен халықпен бөлісіп, тіпті болашақ сәбиінің жынысын анықтау үшін арнайы "гендер-пати" ұйымдастырған деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Үш қыз бен бір ұл тәрбиелеп отырған Төреғали мен Толқын жақында тағы да балалы болады. Ерлі-зайыптылар бесінші сәбиін күтіп жүр. Олар бұл перзентінің жынысын анықтау үшін өз ұйлерінде арнайы жиын ұйымдастырған. Жұлдызды жанұя соңғы кезде қоғамда кеңінен таралған "гендер-пати" өткізді.
Атаулы шараны ұйымдастырумен Төреғали Төреәлінің кіші қарындасы Дина Әлихан айналысқан. Бойжеткен ерекше кеш үшін аса қажет баннер, шарлар мен ойыншықтарға тапсырыс беріп, жақындарына естен кетпес әсер сыйлады. Ол тіпті сүйікті жеңгесінің "гендер-патиға" киіп шығатын образын да өзі таңдап берген.
Болашақ ана 18 жастағы қайын сіңлісіне алғыс айтып, оның еңбегін жоғары бағалаған.
Айта кету керек, Толқын Тұрарбекқызы Instagram желісіне жақында ғана тіркелген болатын. Бұған дейін жеке парақшасын ашуға оған жұлдызды жолдасы рұқсат бермеген екен.
Алайда, танымал жанұя "гендер-пати" өткізгенімен алдағы уақытта дүние есігін ашатын баланың жынысын көпшілікке айтпай қойды. Олар бұл сұрақтың жауабын әзірге құпия ұстауда.
Ерекше кеш күні түсірілген видеолар бірден желідегілер арасында қызу талқыға түсті. Олар көпбалалы отбасыда бұл жолы кім туылатынына қатысты өз болжамдарымен бөлісті.
Оған қоса, жұлдызды әулеттің мұндай шараны ұйымдастырғаны үшін сынға алғандар да болды. Олар "гендер-патиді" қазақ дәстүрлеріне жат нәрсе деп жазуда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1902495-toregali-men-tolqyn-bolasaq-balasynyn-zynysyn-anyqtady-video/