"Жүрегім қан жылады": Айгүл Иманбаева феминистер шеруіне пікір білдірді
Жарияланған күні:
Қазақстандық танымал актриса әрі әнші Айгүл Иманбаева Алматыда өткен феминистер шеруіне қатысты өз пікірін айтты. Өнер иесі өз мемлекетінде мұндай жайттардың орын алып жатқанына қатты күйінгенін жасырмады деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Айгүл Иманбаева шу тудырған феминистер шеруіне қатысты өз ойын Instagram парақшасы арқылы жеткізді. Эстрада жұлдызы мұндай бағыттағы шараларға түбегейлі қарсы. Оның сөзінше, жаратқанның заңына қарсы келуден асқан күнә жоқ.
"Кеше Алматы қаласында өткен феминистердің митингісін бүгін әлеуметтік желіден көріп жүрегім қан жылады. Елім үшін.Ұлтым үшін. Ұрпағым үшін. Бала тәрбиесімен қоғам қалыптасады. Отан отбасынан басталады деп аталарымыз бекер айтпаған. Қайда барамыз? Кім болып барамыз? Кімнен көреміз? Жаратқанның заңына қарсы келуден асқан күнә жоқ шығар. Рухым қарсы. Болмысым қарсы. Жүрегім қарсы. Миым қарсы. Алла кешіре гөр. Жүректегі көзімізді оята гөр" , - деп жазған актриса.
Желі қолданушылары өнер иесінің жазбасын бірден қызу талқылап, аталмыш жағдайға қатысты өз пікірлерін білдірді. Әншінің оқырмандары оның сөздеріне толығымен қосылып, шеруге шыққандарды сынап тастады.
"Шынымен қайда кетіп барамыз? Өте ұят жағдай?" , "Біреу айтқызып отырған секілді. Олар жайдан жай шықпайды" , "Үлкен әйелдер. Не жетпейді? Елімізде әйелдердің құқығы тапталатындай жайттар жоқ" , "Бұл әрекетімен неге қол жеткізбек? Түпкілікті мақсаттары не?" , "Сөзім жоқ. Бұл өте ұят жағдай болды" , "Енді қалмағаны осындай митингтер еді" , - деп жазды көпшілік.
Айта кетейік, 8 наурыз күні Алматыда феминистер шеруі болып өтті. Наразылық шарасына үш жүз адам жиналған.
Митинг Ганди саябағынан басталды. Плакаттардағы ақпаратқа сәйкес, қыз-келіншектер жыныстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін қылмыстық бап талап етуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1902620-zuregim-qan-zylady-aigul-imanbaeva-feminister-seruine-pikir-bildirdi/