Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қасиетті домбырасын ұшақ салонына алып өте алмаған әнші әуе компаниясына ренішін жеткізді

Опубликовано:

Ерлан Рысқали
Фото: Facebook/erlan.ryskali.7

Дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали әуежайда домбырасын жүкке тапсыруды талап еткен отандық әуе компаниясына ренішін жеткізді. Ол аталған жағдайдың өзге елде емес, Қазақстанда орын алғанына қынжылды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Дәстүрлі қазақ әндерін орындаушы Facebook парақшасында домбыраны ұшақ салонына алып өте алмағанын өкінішпен жазды.

"Сан рет дүниенің түкпір-түкпіріне ұшып жүрсемде өмірімде бірінші рет домбырамды жүк қылып "багажға" тапсырдым және бұл сұмдық басқа елде емес, өзімнің Қазақстанымда болды. Флайарыстанның (автордың орфографиясы сақталды) қазақылықтың иісі аңқып тұрған Алматы әуежайында орын алды. Билетті тіркеп тұрған апай мені танып, өткізіп жібергісі-ақ келді. Бірақ, қазақылықтан жұрдай жас қарагөз қарындасым үзілді-кесілді тыйым салып, дауысын қатайтып, өктем сөйлеп ырық бермеді.

Амал жоқ, сөйтіп қасиетті қара домбырамды "багажға" тапсырдым. Енді әуежайда кешірілмес күнә жасағандай пұшайман болып отырмын. Осы жазбаның өзін қолым қалтырап, жүрегім қан жылап әрең жаздым. Басқа-басқа, Қазақстанда домбыраны еркін, жанымызға алып кедергісіз ұшып жүре алмасақ, "қазақпын, Қазақстанда жүрмін" деп кеуде қағудың еш керегі жоқ-ақ!", - дейді әнші.

Жазбаға пікір білдірген желі қолданушылары өздері де осындай жағдайға тап болғанын жарыса жазды.

"Менде де осындай жағдай орын алды. Мен өзіммен бой бермей алып кірдім. Нұр-Сұлтаннан Алматыға ұшқан едім. Бірақ маған түсіндірді. Онлайн тіркеуден өткен кезде қол жүк деген жерде инструмент деген тармақты белгілеу керек екен. Осы уақытқа дейін өзімізбен алып жүрген домбыраға не тіреліп қалғанын білмедік...", - дейді Арайлым Рахымқызы есімді әнші.

Пікірлер арасында АҚШ-қа домбыраны еш кедергісіз апарғанын жазғандар да табылды. Алайда олар шетелдік әуе компаниясының қызметін пайдаланғанын алға тартты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1903790-qasietti-dombyrasyn-usaq-salonyna-alyp-ote-almagan-ansi-aue-kompaniyasyna-renisin-zetkizdi/

pixel