RU

Нұрбек Мәдиев: Адам өліміне әкеп соққан жол апатынан кейін ішімдікке салындым

Нұрбек Мәдиев
Нұрбек Мәдиев. Фото: Видеодан кадр

"Бауыржан шоу" театрының актері Нұрбек Мәдиев өмірінде орын алған ауыр кезеңдерді есіне алды. Өнер иесі 2005 жылы кісі өліміне себеп болған жол апатына түсіп, одан кейін ішімдікке үйір болып кеткен деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Нұрбек Мәдиев басынан өткен қиын жағдайлар туралы жан сырымен "Еуразия бірінші" арнасындағы "Ең алғашқы" бағдарламасында бөліскен. Белгілі актер адам өліміне әкеп соққан жол апатынан кейін біраз уақыт бойы өз-өзіне келе алмағанын жасырмады. Жол-көлік оқиғасы кезінде ол авто тізгінінде болған.

"2005 жылы қайын атамның мерейтойына бардық. Ертеңіне қайынағам асығыс болып, атам, енем, әйелім кеп "көлікпен апарып тастай қойшы" деді. Барғым келмеді. Сонда отказ беруім керек еді. Рөлде ұйықтап та кеткен жоқпын. Алдыңғы және артқы дөңгелегім жарылды. 180-мен келе жатқам. Қасымдағылардың бәрі ұйықтап жатыр. Ішінде балам, әйелім, бажам, атамның қайынағасы отыр. Осындай апатқа ұшырадым. Өзімді кінәлі сезіндім. Әйелімнің өзі кінәлады. Әдейі істедің деген адамдар да болды. Бәрі жаныма батты" , - дейді Нұрбек Мәдиев.

Қайғылы жағдайдан кейін терең күйзеліске түскен актер ішімдікке салынып, қант диабетіне шалдыққан. Ащы суды бір ішсе, бірнеше күн қатарынан салынып ішетін халге түскен өнер иесі Бекет атаның басына, Қарақалпақстандағы Қосай атаның басына түнеп, зиярат еткен. Нұрбек Мәдиевті тек әкесінің сүйектен өткізе айтқан сөздері ғана тоқтатып, ішімдікті қойған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1903998-nurbek-madiev-adam-olimine-akep-soqqan-zol-apatynan-keiin-isimdikke-salyndym/