"Роза Әлқожа қарғап-сіледі": Әншілерге қарсы шыққан адвокаттың басы дауға қалды
Жарияланған күні:
Белгілі адвокат Тілеужан Кішкенебаев KAZ.NUR.KZ порталына хабарласып, еліміздегі шоу-бизнес жұлдыздарына қарсы шыққаны үшін қысым көргенін баяндады. Тілеужанның айтуынша, ол Instagram желісіндегі әншілер ойнатқан гивке алданып, талай ақшасынан айырылған адамдардың құқығын қорғаған. Алайда, адвокаттың ісі алға жүрмей, үнемі орта жолдан тоқтаумен болды. Ең соңына дейін күреспек болған Тілеужан Кішкенебаевтың әншілерге қарсы айқасы адвокаттық лицензиясынан айырылуымен және ірі көлемдегі айыппұлмен аяқталады. Осы орайда, ашынған адвокаттың айтарын назарларыңызға ұсынамыз.
"Мен бірнеше жылдан бері адвокат ретінде қызмет етіп жүрмін. Осы салада айтарлықтай жетістіктерім бар. Бүгінге дейін талай адамды сот залында қорғап шықтым. Алайда, кезекті іс шырғалаңға және көптеген түсініспеушіліктерге толы болды. Атап айтар болсам, былтыр көптеген әншілер әлеуметтік желі арқылы гив ойнатып, халықтан қыруар ақша жинады. Жазира мен Жанболат, Ернар Айдар, Роза Әлқожа және Ақбота Керімбековалар халықты гив ойнауға алғаш болып сендіргенінен көпшілік хабардар. Осы әншілер ұтысқа көлікті де, пәтерді де тікті, бірақ, ең соңында халыққа мұның ешбірі де бұйырмай, қарапайым жұрт қып-қызыл ақшасынан айырылып, аңырап қалды. Міне, осы әншілерге сеніп, талай адам сан соқты. Кейін біраз адам маған хабарласып, әншілермен соттасатынын айтып, адвокаты болуымды өтінді", - дейді Тілеужан.
Адвокаттың айтуынша, гив ойнатқан әншілердің Саламат, Азат, Мәди есімді көмекшілері болған. Олар лотерея билеттерін осы үшеуінен сатып алып, кейін аталған үшеуі гивке қатысатын қарапайым халыққа WhatsApp мессенджерінен арнайы чат ашады.
"Жазира мен Жанболат, Роза Әлқожа, Ақбота Керімбекова мен Ернар Айдар ұйымдастырған гивке мыңдаған адам қатысқан. Кейін Саламат, Азат, Мәди есімді менеджерлері гивке қатысқан адамдар арасында чат ашып, оларға медициналық құрылғы үшін инвестиция құюды ұсынады. Аңғал халық тағы алданып, аталған құрылғы үшін 300 мыңнан 6 жарым миллионға дейін ақша салған. Олар әншілердің сенімді өкілі болғасын шын сенеді. Кейін ақшаны өсіммен алатынын айтып, адамдардың әбден сеніміне кіреді олар. Міне, осыдан соң ақшаларын қайтара алмай, не ұтыстан хабар болмай, халық тағы алданады. Кейін мен бірнеше адамның өтінішімен осы істі қолға алып, адвокат ретінде әрекет ете бастадым. Бірақ жолымда тосқауылдар көп болды", - дейді қорғаушы.
Тілеужан Кішкенебаевтың айтуынша, сот ісі сағыздай созылып, белгісіз себептермен шегеріле берген.
"Мәселен, коронавирусқа байланысты әншілер келе алмайды, ауырып жатыр деген сылтаулар көп болды. Ал осы кезде олар Instagram арқылы тікелей эфирге шығып, сториз түсіруден босаған жоқ. Оның үстіне, әншілер жоғары жаққа өз адамдарын салды деген күдігім де бар. Тіпті, Роза Әлқожа телефон шалып, соңынан қалмай, іздеріне түскенім үшін қарғап-сіледі. Жақында Ақбота Керімбекованың халықты гив ойнатып, алдай тұра, Шымкентте басшылық қызметке сайланғанын сынаған едім. Мұның да әсері бар деп ойлаймын. Ақыры іс соңында менің мансабымда болған оқиғаны қазбалап, жабылып кеткен істі қайта қопсытты. Атап айтар болсам, 2017 жылы мен мемлекеттік тергеушінің шақыруымен бір істе қорғаушы болдым. Сол істен соң мен ақымды төлеуді сұрадым. Осы орайда, тергеуші заң жүзінде қаулы шығарып, маған қызметім үшін 10 мың теңге төледі. Соны сылтау қылған олар осы мәселені қайтадан көтерді. Ал шын мәнінде мен заң жүзінде өз ақымды талап етіп, заң жүзінде қаулы шығарылды. Егер менің кінәм болса, 2017 жыл сот неге бұл істі қарамайды? Бұл іс туралы Нұрсейіт Жылқышыбайдың «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында да айттым. Болмашы нәрседен кінарат іздеген сот менің лицензиямды айырып, 3 жылға дейін адвокаттық қызмет атқармау туралы шешім қабылдады. Одан бөлек, 500 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Ал халықты алдап, қып-қызыл ақшаны қалтасына басқан әншілерге қарсы түк те істеген жоқ", - дейді адвокат.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1904421-roza-alqoza-qargap-siledi-ansilerge-qarsy-syqqan-advokat-sottalyp-ketti/