"Қайтып қосылмаймыз": Шакенти Say Mo-мен ажырасуына қатысты алғаш рет пікір білдірді

Опубликовано:

Шәріп Серік
Фото: Instagram/shakentii

Отандық танымал актер Шәріп Серік бұрынғы жары Say Mo-мен ажырасуына қатысты алғаш рет пікір білдіріп, өзінің жан жарасымен бөлісті. Өнер иесі экс-әйелі өзіне шынайы сүюді үйреткенін айтып, оған алғысын жеткізді. Алайда, жастар арасында үлкен махаббат символы болған ерлі-зайыптылар болашақта қосылмайды. Киножұлдыз бұл мәселеде нүкте қойылғандықтан артқа оралуға ниетті емес екенін кесіп айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Ажырасқаннан кейін көпшілік алдына шықпай, сұхбат бермей кеткен Шәріп Серік енді бәріне жауап беруге дайын екенін көрсетті. Актер AlexandraAliArt Youtube-жобасында қонақта болып, өміріндегі ауыр кезеңдерінің бірімен бөлісті.

"Say Mo, Моля, Мөлдір. Біздің таныстығымыз аяқ асты орын алды. Қарым-қатынасымыз өте қарқынды түрде өрбіді. Біз мейрамханада таныстық. Мен кіріп бара жатқанда ол шығып жатты. Сол кезде мен суретке түсейік деп сұрадым. Содан кейін бәрі басталды. Біз ұзақ уақыт бойы көпшіліктен жасырынып жүрдік. Адам танымайтындай киініп алып емес, бар болғаны бақытымызды жария етпеуді жөн көрдік. Ол маған сүюді, адамға қамқор болуды үйретті. Сол үшін оған деген алғысым шексіз.
Бұл жайттың орын алуына не себеп болғанын қысқаша айтып өтейін. Бәлкім, ол әлі дайын болмаған да шығар. Біріншіден, ол менен кішкентай болды. Бәрі бізге екі шығармашылық адамына қиын болады деп жатты. Бірақ, ешқандай қиындықты мен көрмедім. Алайда, осылай болып қалды. Ол ақымақ қыз емес. Сол себепті, болашақта ол кішкене шектен шығып, қате жасағанын түсінеді деп ойлаймын" , - деді Шако.

Өнер иесі ажырасуының себебін ақтарып отырғысы келмейтінін айтты. Ол үшін бұл кезең өтіп, жаьылып қалған.

"Бұл жағдай орын алғанда бастапқыда өте ауыр болды. Кейін реніш пайда болды, одан кейін жыным келді. Жек көрдім, қорықтым, қызғандым, Содан кейін қайтадан махаббат келді. Бір сәтте барлық сезімдерім ұштасып кетті. Сосын бір мезетте өзімді қолға алдым. Себебі, мұндай күйде қанша уақыт бойы жүретінім өзіме ғана байланысты екенін түсіндім. Кейбір адамдар ажырасуды жылдап көтере алмай жүреді. Бірақ, мен бұған жол бере алмадым.

Бүгінде мен бұл мәселені, сынақты 90%-ға еңсердім деп ойлаймын. Мен Say Mo-ны қатты жақсы көрдім. Қазіргі таңда оны жек көремін деп айта алмаймын. Оған рахмет. Бірақ, мен оған қайтып оралғым келмейді. Бұл өтіп кеткен кезең. Мен жаңа дәптерді бастадым" , - деді актер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1909207-qaityp-qosylmaimyz-sakenti-say-mo-men-azyrasuyna-qatysty-algas-ret-pikir-bildirdi/