Қайрат Әділгерей: Аяғымның ақсақтығы үшін театрлар алмады, кастингтерден өтпедім
Жарияланған күні:
Отандық танымал әзілкеш әрі актер Қайрат Әділгерей жол апатына түсіп, алған жарақаты салдарынан өнер жолында көптеген қиындықтарға тап болғанын ашық айтты. Аяғы ақсап қалған өнер иесін театрлар жұмысқа алмай, кастингтерден өткізбеген деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Жүргенов атындағы өнер академиясында оқып жүріп, студент кезінде жол апатына түсіп, ота жасатқан актер бұл жайттың алдағы өмірінде кедергі келтірерін білмеген.
Бір аяғы бір аяғынан қысқа болып, сылтып басатын өнер иесін осы "кемістігі" үшін драма театр қабырғасына да алмаған, көптеген кастингтерден де тауы шағылып қайтқан.
Қайрат Әділгерей басынан өткен бұл жағдай туралы "Еуразия бірінші" арнасындағы "Ең алғашқы" бағдарламасында ақтарыла айтып берген.
"Академияда жүргенде дайындақ залында нота дәптерлер тұратын. Бәрі пайдаланады. Бір күні соның ішінен 200 доллар тауып алдым. Студент кезім. Ақшаны алып алдым. Еркебұлан деген досыма айттым. Бірге тұратын едік. Солай пәтерімізді ауыстырдық. Керек-жарағымызды алдық. Бір апта өткенде жол апатына түстім. Аяғымды кесті. Күйзелісте болдым. Кейін ойланып жатып, сол ақшаның иесінің көз жасы емес пе екен деп ойладым. Ақшаға мұқтаж адамның ақысын жедім бе деп әлі күнге дейін ойланам. Аяғымның кемістігі үшін театрлар алмады. Кино кастингтерден өтсем де, аяғым ақсақ болғаны үшін шақырмады. Сондай кедергілер болды. Өз орнымды дубляждан таптым ба деп ойлаймын. Дубляжда ақсақ болсаң да, басқа болсаң да бәрібір. Даусың жақсы болса, шеберлігің болса болды", - деді актер.
Айта кетейік, бұған дейін Қайрат Әділгерейдің отбасы мен балалық шағы туралы айтқанын жазған болатынбыз. Өнер иесі анасы қайтыс болған соң, өзі өскен шаңырақты сату қиынға соққанын жасырмады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1909221-qairat-adilgerei-ayagymnyn-aqsaqtygy-usin-teatrlar-almady-kastingterden-otpedim/