RU

"Ол ішіп келгенде, үйден безетінбіз": Айгүл Иманбаева әкесі туралы айтты

Айгүл Иманбаева әкесімен
Айгүл Иманбаева әкесімен. Фото: Instagram/aigul_imanbayeva

Кино және театр актрисасы, белгілі әнші Айгүл Иманбаева «Ең алғашқы» бағдарламасында ешкім білмейтін сырларын ашты. Өнер иесі 5 жасында ата-анасы ажырасып кеткеннен кейін әкесін қайта қабылдау, кешіру қиын болғандығын айтты.

Айгүл Иманбаеваның әкесі де аталған бағдарламаға сұхбат беріп, балаларымен қарым-қатынасы туралы сыр шертті.

"Айгүлдің шешесімен 11 жыл отастық, екі қыз, бір ұлым бар. Дәм-тұзымыз жараспады. Айгүл 5 жасында кетті. Кішкене жүздетіп келемін ылғи. Келемін де қыздарымды көргім келеді. Ал олар менен қашады" , - дейді әкесі Серікқұл Иманбаев.

Әкесінің жиі ішіп келетіндігін актриса сол заманның талабы солай болған шығар деп болжайды.

Нағашы туыстарының арасында, көрші-қолаңның ішінде ішіп алып, үйлерінде айғай-шу, ұрыс-керісті көп көрген Айгүл Иманбаева маскүнемдерге деген қорқыныш бала кезінен қалып қойғанын жеткізді.

"Әкем жүз граммдатып келгенде біз шынымен үйден безетінбіз. Арықтың ішіне, сабанның үстіне, шөптің ішіне тығылатынбыз. Ішкен адамнан қорқыныш болды. Біз шынымен қатты қорқатынбыз. Жүз граммнан қалған бала кездегі қорқыныш осындай болды", - дейді Айгүл Иманбаева.

Бала күнгі қорқыныштар мен өкпе-назды ұмыту үшін актрисаға 40 жыл қажет болған. Бүгінде ол әкесінің жаңа отбасымен, ағайын-туыспен жақсы қарым-қатынас орнатқан.

"Соңғы жылдары ұлым үйленді. Сол кезде Айгүл маған хабарласты. Балаңыз үйленіп жатыр, шешеміз бізді күлге аунап тапқан жоқ, сіздің де балаңыз емес пе? Тойына кел! деді. Сондай дөрекі сөйледі, сен деп сөйлегенін мен көңіліме алдым. Ашуландым, бармаймын деп телефонды тастай салдым. Бірақ жолдастарым бұл маған берілген мүмкіндік екенін, бала-шағаммен араласудың уақыты келгенін түсіндірді. Тойға бардым. Айгүлдің өзі күтіп алды. Телефонмен дөрекі сөйлескенімен, кездескенде жылы жүздестік" , - деді әкесі Серікқұл Иманбаев.

Әкесін кешіріп, қабылдаған Айгүл Иманбаева енді тұрмыс құруға жолы ашылатындығына сенімді. Актриса алдағы уақытта тағы да келін атануға ниетті. Өнер иесі ол үшін ұлының да рұқсатын алып қойған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1910113-ol-isip-kelgende-uiden-bezetinbiz-aigul-imanbaeva-akesi-turaly-aitty/