Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Jaidarman Сup ойыншылары қазылар алқасының мүшесіне неліктен наразы

Опубликовано:

7 канал
Фото: 7 арна

Жетінші арна эфирінде «Jaidarman Cup» телевизиялық әзіл-сықақ ойыны қорытындыланды. Бұл жолғы жайдарманшылар маусымы әсіресе қызу-қанды өтті.

Жобаның жаңа форматы бойынша қазылар алқасы әр ойын сайын өз пікірлерімен бөліскен. Бірақ командалар арасында айтылған сын-пікірді көтере алмай жатқандар табылыпты.

Куәгерлердің сөзінше кезекті сыннан кейін бір топ жайдарманшылар жиналып, қазылар алқасының мүшесін «әңгімеге шақырмақшы» болған.

Анықталғандай, оларға Жетінші арнаның Бас продюсері Азамат Атагелдінің комментарийі ұнамаған. Ол команда ойындарына қатысты өткір сын айтып, қалжыңдарының орынсыздығын бірнеше мәрте ескерткен екен.

«Намысы тапталды» деп санаған жайдарманшылар арадағы түсініспеушілікті басқаша шешуге бел шешкен.

«Жігіттерді зорға тоқтаттық. Қоқан-лоққы көрсеткісі келді. Жастар емес пе, қандары қызу, бірден көтеріліп кетеді», - дейді жоба қатысушысы.

Жетінші арна бас продюсері Азамат Атагелді өз тарапынан бұл оқиға жайлы хабардар екенін растады.

«Иә, менің жоба барысында білдірген сын-пікіріме жігіттердің наразы болғандығын естідім. Әділқазы мүшесі болғандықтан өз пікірімді бүкпесіз, тік айтамын. Біреулерге ұнамайтын шығар. Бірақ менің бұл жердегі міндетім біреуге ұнау емес, эфирге лайықты өнім шығатындай шешім шығару», - деп кесе айтты.
«Жоба ел арасында кең таралып кетті. Рейтинг күн санап өсуде. Танымал. Көрермендері көп. Сол жанкүйерлер кейде айтылған әрбір сөзді тізіп, жүректеріне жақын қабылдап жатады. Мысалы, жоба эфирге берілген күннен бастап, маған жекеге шығып, WhatsApp, Іnstagram арқылы неше түрліні жазатындар табылады. Олардың арасында қолдау көсетіп жақтайтындарымен қатар, даттайтындары да бар», - деп сөзін қорытындылады Азамат Атагелді.

Телеарна ақпаратына сүйенсек, ойынға 25 команда қатысып, 4 команда жолдама алған. Оның ішінде, ақтөбелік «Фемида» командасы жеңіске жетіп, қанжығаларына бас жүлде 5 миллион теңгені байласа, «Боранқұл» командасы Жетінші арна жобасына қатысуға мүмкіндік алды.

«Жетінші арнаның мақсаты – жайдарманшылар арасынан талантты жастарды табу, медиа саласының жұлдыздары шығатын ордаға айналдыру, заманауи форматта бірлесе жобалар жасау, актерлерді тәрбиелеу. Бұл бағытта алға қойып отырған жоспарларымыз көп. Қазақ «ұлық болсаң, кішік бол» демей ме?! Ендеше жігіттер арзанқол дүниеге алданбай, болашаққа ауқымды жоспарлар қойса екен деймін», - дейді бас продюсер.

Айта кету керек, финалдық ойында қазылар алқасының құрамында, сонымен қатар, Жайдарманның ойындарының ең алғашқы чемпиондарының бірі Марат Достаев, ҚР Мәдениет қайраткері, актер Абу-Насыр Серіков, Кино және дубляж актері, тележүргізуші Қайрат Әділкерей, Халықаралық КВН ойындарының чемпионы, «Спарта» командасының ойыншысы Еркебұлан Мырзабек болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1915866-jaidarman-sup-oiynsylary-qazylar-alqasynyn-musesine-nelikten-narazy/

pixel