RU

"Жеті жылдан бері арбада отыр": Нұрлан Абдуллин әйелінің сырқатын айтып, көзіне жас алды

Нұрлан Абдуллин
Нұрлан Абдуллин: скриншот Ер Батыр бағдарламасы

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Абдуллин журналист Тимур Балымбетовке сұхбат беріп, өз өміріндегі көпшілік білмейтін құпияларымен бөлісті. Әнші өмір және өнер жолындағы қиындықтар мен қызықтарды айта келе, ата-анасының тәрбиесіне, өмірлік мектебіне және жиырма жылдан бері сырқаттанып, соңғы жеті жылда арбаға таңылған жарына қатысты мәселелерге тоқталды деп жазады KAZ.NUR.KZ.

«Ата-анам маған риза болып кетті. Әкем де, анам да уақыты келгенде маған өкпелері жоқ екенін айтты. Өйткені, мен өмірімде бірде-бір рет оларға жоқ деп айтпағам. Кейде жастықпен артық кетіп жатсам, әкем үнемі сабама түсіріп отырды. Қазір менің де балаларым бетіме келмейді. Оларға әке ретінде барымды бердім дей аламын. Әрине, әлі де балаларымды уайымдаймын. Десе де, қиындыққа төтеп беру, шыдам секілді нәрселер маған ата-анамның тәрбиесімен келді. Әр жыл сайын 9 мамырда міндетті түрде ата-анамның басына барып құран оқытамын. Бұл күні қандай шаруа күтіп тұрса да, кейінге қалдырып, әкем мен анама дұға бағыштаймын», - дейді әнші.

Сондай-ақ, Нұрлан Абдуллин жұбайының денсаулығына қатысты мәліметтермен де бөлісті.

«Жұбайымның ауырғанына да жиырма жылға жуықтап қалды. Соңғы жеті жылдан бері арбада отыр. Әрине, өте қиын. Ол да анам секілді талай ауруханада жатып шықты. Көзінің түбі ауырады. Бұлшықеттері бағынбайды. Бірақ қандай қиын сәтте де берілген емес. Мұның бәрі сынақ. Бұл өмірде көп сыналған адам бақилық болғанда қиыншылықты аз көретін шығар. Әйелім алғаш ауырғанда Таиландта едік. Елге алып келдім, шетелдегі ауруханаларға көрсеттім.

Сол кездері менің сарайда шығармашылық концертім өткелі жатқан. Бәрі қабаттасып кетті де, концертті өткізуден бас тартпақ болдым. Ауырып жатқан әйелімнің қасынан кеткім келмеді. Бірақ Нағима мұнымды құптаған жоқ. «Сен менің адамым емессің. Сен халықтың адамысың» деді. Міне, осынша жылдан бері сырқатпен күресіп келеміз. Бұлшықеттері қозғалмаған соң таңертең тұру, жуыну, отыру, тамақ ішу, бәрі де оңай емес. Тамақты қасықпен берем.

Үй шаруаларын да істей берем. Кейде үйге келген достарымыз қалжыңдап: «Халық әртісі де ыдыс жуа ма» дейтіні бар. Неге жумасқа? Мұның бәрін маған анам үйретіп кеткен. Әкем директор, анам балабақша меңгерушісі болды. Таң азанымен жұмысқа кетіп, түнде бір келетін. Сол аралықта екі қарындасымның шашын өру де, үйдің жұмысы да маған қалатын. Сондықтан, мен үй тірлігін жасаудан да қашпаймын», - деді Абдуллин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1919817-zeti-zyldan-beri-arbada-otyr-nurlan-abdullin-aielinin-syrqatyn-aityp-kozine-zas-aldy/