Жазира Байырбекова екі жастан асқан қызының тұсауын кестірді
Жарияланған күні:
Жазира Байырбекова қызы Дараның тұсауын кестірді. Бұл туралы әнші өзінің Instagram желісіндегі парақшасында айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Әнші қызының тұсауын сіңлісі Назира Байырбекке табиғат аясында кестірген. Тұсау кесер рәсімінде өнер иесі де, қызы да қазақы нақышта киініп, елді сүйсіндірді.
"Табиғат аясында, Даратайымыздың тұсауын нағашы әпкесі Назира Байырбек кесті.
Алыс жақындағы туыстарды қазіргі уақытта әуреге салмайық деп оңашада кестік. Алла қаласа тілашары бар, ұзататын уақыт келеді. Ең бастысы, отбасымыз, халқымыз аман болсын!
Кіндік шешесі Сымбат Аружан да, тұсауын кескен Нәзира Байырбек те кішіпейіл, адал, мейірімді, жандары мөп-мөлдір, тап-таза, парасаты мен ішкі мәдениеті жоғары жандар.
Байлыққа, атақ-даңққа, мансапқа емес, жан дүниесінің тазалығына қарап таңдағанымыз жанымызға тыныштық сыйлайды.
Біздің отбасымызға жаудырып жатқан тілек ниеттеріңіз өздеріңіздің отбасыңызда да болсын! Барлық аналардың бақытты ғұмырын Даратайыма нәсіп етсінші", - деп жазды әнші.
Бір айта кетерлігі, балалардың тұсауын бір жастан асқанда кесу халық арасында әдетке айналған. Алайда, әнші екіден асқан қызының тұсауын неліктен енді кесіп жатқанын айтпады. Бұл сұрақ әншінің тыңдармандарын да қызықтырмай қоймады. Кейбірі оның бір жасы карантин кезіне тап болғандықтан, енді тұсаукесерін енді жасап жатыр деп болжады. Дегенмен, желі қолданушылары сүйікті әншілеріне деген ақжарма тілектерін аямады.
" Тұсауы 2 жаста кесілді ма?", "Екі де ме? Үште ме? Мен үлкен қыз деп ойласам", "Құтты болсын, қадамы оң болсын", - деп жазды олар.
Естеріңізде болса, эстрададағы жұлдызды жұп Жазира мен Жанболаттың 22 жылдан кейін екінші сәбилі болғаны 2019 жылы белгілі болған еді. Бұл жаңалықты елге Жазираның сіңлісі Ләззат Байырбекова хабарлаған еді. Кейін әнші бұл ақпаратты растап, желідегі парақшасында қуанышты жаңалығын елге өзі жеткізген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1922730-zazira-baiyrbekova-eki-zastan-asqan-qyzynyn-tusauyn-kestirdi-video/