RU

"Вирус қайда қалды?": Алакөлде жүздеген адамға концерт берген Қайрат Нұртас талқыға түсті (видео)

Қайрат Нұртас
Кадр: Instagram / kair_n

Отандық жұлдыздар Алакөлдегі демалушыларға концерт беруде. Елде жаппай вакциналау жүріп жатқанда, жұлдыздар демалыс орындарында мәдени іс-шаралар өткізіп жүр. Ал желідегі көрермендер олардың бұл әрекеттерін түсінбей, наразылықтарын білдіріп жатыр деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Күні кеше Алакөлдегі демалыс орындардың бірінде әнші Нұрболат Абдуллин халықты жинап, концерт берген еді. Нұрболаттан кейін Мәдина Сәдуақасова мен Ғазизхан Шекербековтер де Instagram желісіндегі парақшаларына концерттен видео жүктеп, оқырмандарын аң-таң қылған. Себебі, видеодан демалушылардың бекітілген қашықтықты да, маскалық режимді де сақтамағанын көруге болады.

Қаумалаған көрермен әншілермен бірге ән айтып, көңілін көтерген.

Енді, міне, Қайрат Нұртас та парақшасына концерттен видео жүктеп, "Алакөл, рахмет!", - деп жазып қойған.

Пандемия кезінде демалыс орындарында мұндай ауқымды іс-шаралар өткізген жұлдыздар мен концерт ұйымдастырушылардың бұл әрекетіне жұрт әр түрлі баға беруде. Бірі осындай концерттерді сағынғанын айтып, қуанса, екіншілері, керісінше, елде ауру дендеп тұрғанда мұндай шаралар ұйымдастыруды орынсыз деп бағалап отыр.

"Екі метрлік арақашықтық сақталмапты", "Құрбан айтта айт намазын оқуға тыйым салды, ал мынаны қалай түсінуге болады", "Алакөлде коронавирус жоқ", "Осы күнге дейін неше әншілердікі өтті бұл жерде, біз барғалы бірінші рет толық жиналған, керемет", "Вирус қайда? Елді қинап вакцина салдырып жатыр, ал мына жерде вирусқа орын жоқ қой", - деп жазды олар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1923599-virus-qaida-qaldy-alakolde-zuzdegen-adamga-koncert-bergen-qairat-nurtas-talqyga-tusti-video/