RU

"Жібитін шығар": Өзінен 35 жас кіші әйел алған Көпен Әмірбек бәйбішесінің ренішіне пікір білдірді

Көпен Әмірбек
Көпен Әмірбек. Кадр: Youtube/Nartai Aralbaiuly

Танымал қазақ жазушысы, сатирик Көпен Әмірбек бұдан бірер жыл бұрын өзінен 35 жас кіші қызды әйелдікке алғанын, осылайша 65 жасында екінші жары ұл сыйлағанын жеткізген болатын. Сонымен бірге, ол екінші әйел алуына бәйбішесі қарсы болғанын жасырмаған-ды. Жуырда журналист Нартай Аралбайұлына сұқбат берген жазушы тағы да жеке өміріне тоқталып, бәйбішесі әлі де бұл жайтқа қарсы екенін айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Журналистің "Отбасыңыздағы қазіргі атмосфера қандай?" деген сұраққа, жазушы бүкпесіз жауап беріп, "әлі де екі отбасының самаурыны қосыла қоймағанын" жеткізді.

"Қазақ әйелдері бұл психологияға дайын емес. Ешқашан рұқсат етпейді. "Әйел үстіне әйел алды" деп ойлайды. Иран Ғайып көкем, досым ағам, Оразбаев бұдан 30-40 жыл бұрын әйел үстіне әйел алды. Жеңгеміз ашуланды, он жылдай жүрді солай. Қазір екеуі бірге, бірі самаурынның суын ағызса, бірі шәйнекпен демдеп беріп отыр. Біздің әлі "самаурынымыз қосыла қойған жоқ". Әлі сол қалпында тұр ғой. Енді жібитін шығар", - дейді ол.

Еске салсақ, бұдан екі жыл бұрынғы сұқбатында Көпен Әмірбек: "Бірінші әйелімнен бір ұл, бір қызым бар. Мынау екінші. Анау алтын келін болса, екіншісін күміс келін деп атаймын. Оны бергеніне де шүкір. Неге? Өйткені, артымда ұрпақ қалды. Алайда, бірінші жарым рұқсат бермеді. Бірақ, бұл маңдайға жазылған жазу ғой, пешене", - деген болатын.

Айтуынша, бұл ұсынысты қыздың өзі тастаған.

"Ол маған "аға жасым отызда, мектептегі мұғалімдердің барлығы үйленіп не ажырасып үлгерген. Мен болсам, сіздей ел білетін тұлғадан ештеңе керек емес, ұрпақ сүйгім келеді" деді. Ол "жас жігітке шыққанша, атақты адамнан туып алғаным артық" деді. Сосын мен жарайды дедім. Сөйтсем, оның ар-жағы дұрыс, діні таза, ниеті таза қыз екен. Оны қалай далаға тастаймын? Қазір енді керемет күнде баламызбен ойнаймыз" , - деді ол былтырғы сұқбатында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1925862-zibitin-sygar-ozinen-35-zas-kisi-aiel-algan-kopen-amirbek-baibisesinin-renisine-pikir-bildirdi/