"Махаббатты дәріптеймін": Ұлттық киімдегі ЛГБТ өкілдерін бейнелеген ақтөбелік суретші желіде талқыға түсті
Жарияланған күні:
Желі қолданушыларына Самал Қаңтар никнеймі арқылы танылған ақтөбелік суретші өзінің Instagram желісінде қазақтың ұлттық киіміндегі ЛГБТ өкілдерінің суретін салған. Аталған туындылар желіде қызу талқылануда, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ұлттық киім киген ЛГБТ өкілдерінің бейнесін қағазға түсіріп, оны желіге жүктеген суретші қыз "Махаббатты дәріптеймін" деп жазып қойған. Оның бұл туындылары желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсуде. Оның суреті кейбір оқырмандардың ашуына тиіп, отандық танымал тұлғалар оны тіпті ашық түрде сынға алуда.
Алғашқылардың бірі болып, отандық бизнесмен Қайрат Құдайберген бұл суреттерді сынап, желіде жазба қалырған болатын. Алайда аз уақыттан соң оның бұл жазбасы наразылықтарға тап болып, әлеуметтік желі әкімшілігі оны өшіріп тастаған.
ЛГБТ өкілдерін қазақтың ұлттық киімінде бейнелеген сурет авторын ол "ұлттық құндылықтарға сын келтірді" деп айыптаған болатын.
"Мына жазбамды ЛГБТ мүшелерінің жалобалары арқылы инстаграм алып тастады. Көрдіңіздер ме ауызбіршілігі қандай? Ал біз ше? Неге басымызды біріктіріп осындай опасыздыққа қарсы тұрмаймыз? ЛГБТ мүшелеріне және олардың құқықтарына шаруам жоқ, бірақ қазақтың намысын, қазақ дәстүрін таптауға жол бермеймін! Ар-намысымызды ешкім таптамасын!", - деп жазды ол.
Бұдан бөлек, отандық журналист Дәулет Төлеутайұлы да суретші қыздың туындыларына қарсы шықты.
"Өнер өнерімен, бірақ өнер деген ұлттық құндылықтарға зияны келмеу керек. Халықтың ашуына, ұятына, намысына тиетін нәрселерді жасамау керек. Мынау деген шеттен шыққандық", - деп жазылған жазбада.
Дегенмен, Самал Қаңтарды қолдап, наразылық білдіргендер де аз болмады.
"Елде басқа проблема жоқ па?", "Батыстағы қуаңшылықтан, сансыз педофилдерден, жемқорлардан оянбаған намыс зиянсыз суретке келгенде ояна қалады екен", "Оларда не шаруаңыз бар? Одан да іспен айналысыңыздар", - деп жазған желі қолданушылары Қайрат Құдайбергеннің жазбасының астына.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1926621-maxabbatty-daripteimin-ulttyq-kiimdegi-lgbt-okilderin-beinelegen-aqtobelik-suretsi-zelide-talqyga-tusti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.