Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жалақым 28 мың теңге болды": Асылхан Төлепов депутат кезіндегі қиындықтарды еске алды

Жарияланған күні:

Асылхан Төлепов
Асылхан Төлепов. Кадр: YouTube/ Timur Balymbetov

Отандық жас актерлердің бірі Асылхан Төлепов Тимур Балымбетовтің "Er-Batyr" бағдарламасына сұқбат беріп, қызметі, театрға деген сүйіспеншілігі, театрдағы жалақының аздығы және жеке өмірі туралы сөз етті. Одан бөлек, ол Алматы қалалық мәслихатының депутаты болған кезін еске алып, қоғамдық жұмысты тегін атқарғанын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Актердің сөзінше, 2016 жылы депутаттық қызметке бел шеше кіріскен ол көптеген наразылықтарға, қиындықтарға тап болатынын білмеген.

Бұған дейін халықтың сүйікті актері болып келген Төлеповті халық депутат болғаны үшін сөге бастапты. Бұл жайт, әсіресе, анама ауыр тиді, дейді актер.

"Қабылдау ауыр болды. Ер жігіт болғаннан кейін төзуге болады. Бірақ неше түрлі сөздер анама ауыр тиді. Олар оқиды, неге осылай жазады екен деп қиналады. Бұл сөздер жұмысқа кіріспей жатып, айтылды. Қарайды да жаза салады, іштері пісіп отырады да, жаза салады. Ол адамның жүрегі нашар ма, нашар емес пе, оны ойламайды. Аллаға шүкір ол да үлкен мектеп болды. Жұмыс жасап көрдім. Ондай бір тау қопаратындай жұмыс атқармасам да, жасыма сай шаруалар атқарылды. Бірақ қиыншылықтар көп болды.

Менің қиналғаным, екі ай сайын қоғамдық қабылдау өтетін еді. Қала тұрғындары мазалап жүрген мәселелерімен, сұрақтарымен келеді. Сол қоғамдық қабылдауда көпбалалы аналар көп келді. Көздеріне қарап отырасың да, "мен қалай көмектесе аламын?" деп ойлаймын. Ауданның мәселелерімен келсе, жер мәселесі болса, бір көше жасалмай жатса, хат жазып, талап қойып, шешуге болады. Мектеп құрылысы қашан бітеді деген сұрақтарды шешуге болады", - дейді ол.

Алайда актер тұрғындардың жеке мәселелерін естіп, оларға көмектесе алмай қиналғанын айтады.

"Мен кәсіпкер емеспін, қалтам ақшаға лық толы емес. Көмектескім келеді, бірақ шамам жетпейді. "Жоқ", - деп айта алмаймын. Тыңдаймын, алты баласы барлар бар. Оларға киім керек, мектепте керек-жарақтар қажет болады. Бір балаға 40-50 мың кетеді. Ондай мұқтаж жандардан бірнеше адам келеді күніне.
Мен оларға қалай көмектесемін? Өзімнің сол кезде театрдағы жалақым 28 мың теңге болды. Себебі, толық ставкада жұмыс істеген жоқпын. Кино бірде бар, бірде жоқ. Депутат болды дегеннен соң ба, шақыртулар да азайып кетті. Сол салаға кетті, уақыты жоқ шығар, түспейтін шығар деп ойлады. Кім білсін, ол қоғамдық жұмыс екенін. Жалақы алмаймын. Премия төленбейді. Ешқандай қызметтік көлік, үй берілмейді", - дейді өнер иесі.

Десе де, актер алдына көмек сұрай келген азаматтарға барынша көмектесуге тырысқанын жеткізді. Іскер азаматтардан көмек сұрап, біразының мәселесін шешіп берген.

"Маған өнер адамы болғасын, актер болғасын бай ғой, ақшасы көп деген ой болатын шығар. Маған осындай 20 адам хабарласты. Бірақ, көмектестім, үлкен кісілердің алдына барып, көмек сұрадым. Өзімнің кинодан түскен ақшамның жартысын отбасыма берсем, жартысын сол кісілерге бердім. Қара шаңырақты асырап жүргендіктен, оларды да ойлауым керек. Алдыңа мұқтаж адам келсе ойлап жүред екенсің, ойыңнан кетпейді. Шешілмей қалған мәселелер болса, кешірім сұраймын, өйткені жағдайым келмейтін", - деп шынын айтты Асылхан Төлепов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1927332-zalaqym-28-myn-tenge-boldy-asylxan-tolepov-deputat-kezindegi-qiyndyqtardy-eske-aldy/