Рухия Байдүкеноваға кәсіпкерлер су жаңа автокөлік сыйға тартты (фото)
Жарияланған күні:
Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов ХХХ халықаралық "Витебсктегі славян базары" көркемөнерпаздар фестивалінің жеңімпазы Рухия Байдүкенованы қабылдады. Қабылдаудан соң өнер иесіне өңірдің кәсіпкерлері мен меценаттары көлік сыйға тартты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі облыстық баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Туған елге жеңіспен оралған Рухия өз жетістерімен бөлісіп әрі қолдау білдірген облыс басшылығына алғысын білдіруге ниет етті, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Амандық Баталов бойындағы талант пен еңбекқорлығының арқасын Рухия Қазақстанды халықаралық аренада танытқандығын айтты.
"Осы байқауда жеңімпаз атанды дегенді естігенде қатты қуандым. Бұл - үлкен жетістік. Қазақстанды әлемдік деңгейге таныта білдің. Бойыңдағы талантыңа сөз жоқ. Бірақ еңбек пен алдыға деген ұмтылыс сені жеңіс тұғырына көтерді. Байқау алдында кездескенімізде өзіңе шын көңілден сәттілік тілеп едім. Тілегімнің орындалғанына қуанып отырмын. Есімдері тарихта алтын әріптермен жазылған Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішов есімді ұлы талант иелері сияқты биік белестерден көріне бер.
Өзіңнің ерекше табиғи дауысың арқылы көптің жүрегін жаулап, шыңдарды бағындырғайсың. Бұл сенің қолыңнан келетініне сенімдімін. Бойыңдағы ұмтылыс пен болашаққа қойған мақсатың айқын. Оның үстіне талантты, еңбекқор жассың. Біз шын көңілімізден сенің жеткен жетістігіңе қуанамыз. Мақтан етіп қана қоймай, сәттілік серік болатынына сенеміз", - деді өз сөзінде Амандық Баталов.
Қолдау көрсеткен жандарға алғысын білдірген Рухия Байдүкенова жеңіс тұғырынан көрінуіне не себеп болғанына тоқталды.
"Алғашқылардың бірі болып өзіңіз қолдау көрсеттіңіз. Маған артылған сенімді ақтай алғаныма қуаныштымын. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде осы халықаралық көркемөнерпаздар фестивалінде 3 рет Гран-При иегері атаныпты. Үшіншісін мен ұттым. Елім үшін мерейлі жылы өнерімді көрсетіп, жеңіске жеткенім кеудеме мақтаныш сезімін ұялатады. Маған менің сахнада өнер көрсетіп үйренген тәжірибем көп көмектесті. "Талдықорған әуендері" ансамблінің құрамында сахнада өнер көрсеткенмін. Бұл бойымдағы қобалжуды жеңуге септігін тигізді. Талдықорғандықтардың маған деген сенімі күш беріп, жеңіс тұғырына көтерді. Сол себепті жеңімпаз статуэтканыАмандық Ғаббасұлы өзіңізге табыс еткім келеді", - деген талантты әнші Рухия Байдүкенова өзінің лебізін жеткізді.
Өз кезегінде Амандық Баталов статуэтканы М. Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына сақтауға тапсырды.
Соңынан Рухия Байдүкенова жерлестерімен кездесті. Талдықорған қаласының меценаттары мен кәсіпкерлері оған "Hyundai” маркалы автокөлігін сыйға тартты. Сондай-ақ, Рухияның ұстазы Серікжамал Әжібекова мен қолдаушысы Қымбат Досжанға 1 млн. теңгенің сертификатын табыстады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1928701-ruxiya-baidukenovaga-kasipkerler-su-zana-avtokolik-syiga-tartty-foto/