RU

"Арманын орындадым": Анна Данченко әкесіне су жаңа көлік тарту етті (фото, видео)

Анна Данченко
Фото: Instagram/ann_2905

Отандық танымал тележүргізуші Анна Данченко әкесінің асқақ армандарының бірін орындады. Ақпарат өкілі өмір бойы көлік жүргізіп көрмеген әкесіне су жаңа темір тұлпар тарту етіп, оны ерекше қуантқан деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Анна Данченко Instagram парақшасында әкесінің бала күннен бері келе жатқан арманы туралы сыр шертіп, оған қатысты бар шындықты айтты. Тележүргізушінің сөзінше, әкесі дәл көк түсті көлікті қатты қалаған екен. Алайда, бар тапқан пайдасын отбасына жұмсап, өз арманын шетке ысырып тастаған.

Анна Данченко бұл жайтты ескере келе, қалай болғанда да әкесінің арманын орындауға барын салған. Нәтижесінде, ол әкесіне су жаңа көк түсті көлік сыйлаған.

"Әкемнің арманын орындадым. Әкем Арал қаласында туып-өскен. Ұлы Отан соғысы аяқталып, қарапайым халық енді-енді басын көтере бастаған кез. Әсіресе, балалық шағы сұрапыл жылдармен тұспа тұс келген балаларға оңай болмады. Таңның атысы, күннің батысы үлкендерден қалыспай тер төкті. Шыны керек, барлығына тәртіп қатты, талап күшті болды.

Әкем ерте есейді. 14 жасынан бастап жұмыс жаса бастады. Өз әкесінен ерте айырылып, ер азаматтың барлық міндеттерін өз мойнына алды. Бір күні көрші баланың қолынан көк түсті ойыншық көлікті көріп қалады. Ойыншық ойнайтын жаста болмаса да, оған қызығып қараған екен: “Мен де осындай көліктің иесі болсам ғой, бірақ шынайы үлкен көлігім болса ғой”, - деп әлгі балаға айтқан екен.

Уақыт өтті. Әкем үйленді. Үш баласы дүниеге келді. Бірақ қанша жұмыс істесе де автокөлік алатындай жағдай болмаған. Анама да айтқан екен балалық арманы туралы. Өкініштісі, сол көк көлік арман болып қалды. Бізде ешқашан көлік болмаған. Бар тапқандарын әке-шешем бізге, балаларына жұмсады, оқытты-тоқытты. Бұл әңгімесін әкем осы келгенде ғана айтты. Сөйтіп, араға бірнеше күн салып маған жаңа KIA K 5 көлігіне тест-драйв өткізуге ұсыныс жасалды.Ал, енді автосалонға барып ұсынылған көліктің түсі көк екенін көрген кезде қатты таң қалдым.

Анама алтын білезік сыйлап, әкемді қалай қуантсам екен деп жүргенде - бұл үлкен тосын сый болды. Әкемді алдынғы орындығына отырғызып, Анашым екеуін кешке Медеуге апардым. Әкемнің сондағы сезімін, көз жасын айта алмаймын. Бала-арман! Көп нәрсе есіне түсті-ау деймін! Өзі өмірінде рөлге отырмаған. Бірақ жаңа автокөліктің ішінде отырып, жан-жағына қарап, соңғы технологияларына таң қалып үйге риза болып қайтты. Дәл осылай, KIA K 5 пен бірге әкемнің кішігірім арманын орындадық", - деп жазды ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1929000-armanyn-oryndadym-anna-dancenko-akesine-su-zana-kolik-tartu-etti-foto-video/