"Ақтөбеде кондуктор болдым": Шімән апаның рөліндегі актер өнерге келмей тұрған кезін есіне алды
Жарияланған күні:
Ел арасында "Шіман апа" образында танылып кеткен актер Ерболат Төлеген өзінің балалық шағы, студент кезі мен қазіргі өмірі туралы сұқбат берді. "Hit TV" арнасының "Менің өмірім" бағдарламасында актер жан сырын ақтарды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ерболат Төлегеннің айтуынша, оның балалық шағы 90 жылдардың соңына тұспа-тұс келгендіктен, біраз қиыншылықтарды көрген. Ақтөбе облысы Шалқар ауылының тумасы сегізінші сыныпқа дейін туған жерінде тұрған.
Алайда 2000 жылы отбасы әкесінің денсаулығына байланысты Ақтөбе қаласына қоныс аударған екен. Міне, сол уақыттан бастап ол өздігінен ақша тауып, ата-анасына қолғабыс болғанын баяндап берді.
"Ол уақытта 1999-2000 жылдары біздің ғана емес, бүкіл Қазақстан жұрты, тіпті ТМД елдері үшін қиын болды ғой. Алматыда Астанаға көшіп жатқан, үлкен астана салып жатқан кез. Тоқырау заманы болды. Әр адам баласына көтере алатын сынақ береді, дейді. Алла дүниемен, ақшамен сынағанына шүкір. Қазір бір нанымыз екі нан болды. Иә, мен кезінде кондуктор болғам. Бірде туған әпкемнің құрбысы бір кісімен дауласып қалыпты.
Екеуі теледидар көріп отырып, мені көріп, ана кісі "мынау кезінде кондуктор болған ғой", депті. Әпкемнің құрбысы айтады "жоқ кондуктор болмаған" деп. "Бұл бала бізде ГАЗельде кондуктор болған" деп қоймайды екен ана кісі. Сөйтіп екеуі бәстесіп қалыпты мың долларға. Артынша әпкемнен сұрапты. Әпкем, "иә кондуктор болған" депті. Сол сияқты, кондуктор болып, күніне 500 теңге табатынмын. Басқа балалар алты күн сабаққа барып, жексенбі күні жақсылап ұйықтайтын еді ғой. Мен таңғы төртте тұратынмын", - дейді ол.
Актердің айтуынша, ол мектеп бітірген соң Темірбек Жүргенев атында Өнер академиясының студенті атанады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1929012-aqtobede-konduktor-boldym-siman-apanyn-rolindegi-akter-onerge-kelmei-turgan-kezin-esine-aldy/