"Ажырасамын деп үйіме барып көрмеппін": Айдарбекова келін мен ене арақатынасы туралы айтты
Жарияланған күні:
Қазақстандық танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова желіде ене мен келін қарым-қатынасына тоқталып, аса азулы жазба жариялады. Қайрат Нұртастың анасы қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселе жайында не ойлайтынын ашық айтты. Ол 35 жыл ішінде бір рет те ажырасамын деп үйіне барып көрмегенін алға тартты деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Айдарбекова аталмыш жазбасымен Instagram парақшасында бөлісті. Ол келін мен ене арақатынасы қандай болу керектігі жөнінде жас аруларға өз ақылын айтты.
Белгілі продюсер отбасылық өмірінде қаншама қиындық болса да, жолдасымен ажырасуды мүлдем ойламағанын жеткізді.
"Мына жаңалықтарды көріп жағамды ұстадым, сұмдық ай. Біздің кездері тәрбие бөлек болды ма, әлде заман бөлек болды ма, анамыз қайтып келсең шіріген жұмыртқасың, қара жағып еңсемізді төмен түсірме деп құлағымызға 7-8 ші сыныптан бастап құюшы еді. Күйеуің мен енеңді жамандаушы болма, біздің көңіліміз қалып қояды, енең қатты сөйлесе теріс қарап тұрып көзіңнің жасын көрсетпей сығып ал да, шәйіңді күліп бер, жылы-жылы сөйлесең жылан да інінен шығады дейтін.
Қанша қиыншылық болса да, 35 жыл ішінде бір рет те ренішімді айтып не ажырасамын деп үйіме барып көрмеппін. Енемнің басындағы қатаң мінезінің бәрі жылылыққа ауысып, қаншама батасын алдым. Қазір қалай сағынатынымды білсеңіздер ғой, ойлап отырсам керемет тәрбие беріпті. Ал мына сұмдыққа қарап отырсам, біздің келешек аналарымыз, қыздардың көздегені біреудің дайын ақшасы ғана. Еркектің мықты болуы әйелден, барлық жағдайын жасап, енді рахатын бірге көреміз деген кезінде, жастығын пайдаланып ер азаматтарды өзіне қаратып, дүниесіне көз салу қаптап кетті.
”Дайын асқа тік қасық” дегендей. Бұған ерлер де кінәлі, үміт артып отырған өрімдей қызы тоқал не көңілдес болса жандарына батпайды ма екен? Қайта қорған болмайды ма, өз ұлтының қыздарына. Өзгенің жасағанын ертең өзіне біреу жасамауына қандай кепілдігі бар десеңші. Алла шебер, барлық жасаған қияметің алдыңа келері сөзсіз. Қазіргі жас жігіттердің табысы болмағандықтан, бірге үй-жай болып қиындық көргісі келмейтін қыздарға айтарым: өз еңбегіңмен, ақылыңмен тапқан табысыңда береке болады.
Бір отбасын жылатып қарғыс алғанша, еңбек етіп жағдайыңды жасап алғыс алсаң жүректеріңде де тыныштық болады демекпін. Қиындыққа шыдамай ажырасып жатқан келіншектер өте көп, осының бәріне не себеп? Толық қанды отбасы бола білгендердің бала-шағасы қандай бақытты десеңізші. Ата-ананың қателігінен ұл-қыздары бақытсыз, ал мәпелеп өсіріп отырған қыздардың осындай іс-әрекетке баруы ата-ана, бауырларының намысы екенін ұмытпаса екен. Мұның бәрі бізде қатаң заңның жоқтығы ма", - деп жазды ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1930653-azyrasamyn-dep-uiime-baryp-kormeppin-aidarbekova-kelin-men-ene-araqatynasy-turaly-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.