"Апау, сен шынымен кетіп бара жатырсың ба?": Марқұм анасын есіне алған Нұрлан Албан егіліп жылады
Жарияланған күні:
Танымал қазақ әншісі Нұрлан Албан өзінің марқұм анасын еске алып, көзіне жас алды. Hit TV арнасының "Менің өмірім" бағдарламасында ол анасымен соңғы рет тілдескен сәті туралы айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Сұқбат кезінде Нарынқол өңірінде туып-өскен Нұрлан Албан өзінің балалық шағы, бауырлары, анасына деген махаббаты туралы әңгіме өрбітті.
Алты жасында әкесі өмірден озған ол анасының махаббатына қанып өскенін айтады. Екі ағасы, бес әпкесі бар әнші үйдің кенжесі әрі еркесі болғанын жеткізді. "Анамның арқасында ақ дегенім алғыс, қара дегенім қарғыс" болып өскен баламын", - дейді әнші өзі туралы.
"Еркіндікте өстім, шешем марқұм әкем жоқ болса да, әкесі жоқ ұл сияқты өсірген жоқ. Директордың ұлы қандай портфель ұстаса, мен де сондай портфель ұстадым. Завучтың қызы қандай қалам ұстаса, мен де сондай қалам ұстадым. Қатардан қалғызған жоқ", - деген өнер иесі анасына осы күнге жеткізгені үшін алғысы шексіз екенін айтады.
"Кіммен мақтанасың десе, мен шешеммен мақтанамын", - дейді ол.
Нұрлан Албанның айтуынша, анасынан айырылғаннан кейін тауы шағылғандай күй кешкен.
"Маған өмірлік жолды үйреткен, өмірімдегі өмірлік ұстазым - менің шешем. Қайтқанына алты-жеті жылдай болып қалды. Кезінде шешем дүние салған кезде, өзегімді өксік қарып тұрған кезде, үлкендер келіп басу айтып еді, күн ұмытылса да, шеше ұмытылмайды. Сағынышым үдемесе, бәсеңдеген емес. Шеше ол-барың, бағың.
Шешең барда жәннаттың қанша есігі болса, соның барлығы ашық тұрады. Ол сенің анаңның дұғасы, тілеген тілегі. Шешең кеткен күні сол есіктердің барлығы жабылады. Шешең кеткен күні сен үшін ешкім дұға жасамайды. Шешең кеткен күні аналық тілек тілейтін, таң атқанша көз ілмейтін, сен үшін ұйқы көрмейтін, қателессең кешіретін, артық кетсең жөнге салатын ешкім болмайды. Ешнәрсе қалмайды. Құдайдың құлы екеніңді толық сезінесің. Маңдайыңды тасқа да, тауға да ұрасың", - дейді әнші.
Анасы өмірден өткеніне біршама уақыт өтсе де, Нұрлан Албан "анама деген сағынышым басылған жоқ", дейді.
"Шешемді сағынамын. Шешемді минут сайын, сағат сайын, ай сайын сағынамын. Бауырларым да кетіп жатыр ғой. Бірақ шешемді ерекше сағынамын. Шешеңнің көзі тірі ма, мейірімің қанғанша иіске сүй, айтқан сөзін қалт еткізбей орында. Өйткені шешең кеткен кезде, жер сипап қаласың. Түксіз қаласың. Нағыз бейшаралық күй кешесің.
Шешем ықылық атып, сағаты жақындап қалған кезде, өмір мен өлімнің ортасында мизам суын ішіп жатса да: "Балам мен саған екі дүниеде де ризамын", - деді. "Апау, сонда сен шынымен кетіп бара жатырсың ба", - деймін. "Балам, уақытым келді", - дейді. "Апа мен сені сағынамын, сені қайдан табамын, не істеймін", - дедім. "Уақыты келген кезде кездесеміз", - деді. Шешем өз ризашылығымен маған батасын берген.
Сондықтан мен екі ұлым мен қызыма айтатыным, бірінші жақсылық кімге? Анаға. Екінші жақсылық кімге? Анаға. Үшінші жақсылық кімге? Анаға. Одан кейін барып әкеге деймін. Қызым айтады "әке екінші не үшінші болсаң болмай ма?" деп. "Жоқ, үш рет қатар анаң болуы керек. Одан кейін әкеге", деймін", - дейді ол.
Еске салсақ, осы бағдарламада Нұрлан Албан өзінің алғашқы жұбайы ақын Нәзира Бердалы туралы да айтқан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1932873-apau-sen-synymen-ketip-bara-zatyrsyn-ba-marqum-anasyn-esine-algan-nurlan-alban-egilip-zylady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.