"Ырбаңдап қалған жұлдыздар бар": Өмірқұл Айниязов өнердегі әріптестеріне қатысты пікірін айтты
Жарияланған күні:
Қазақ эстрадасының көрнекті өкілі Өмірқұл Айниязов KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, кейбір отандық шоу-бизнес жұлдыздарының домбыра тарта алмайтынына налыды.
"Карантин кезі көпшілікке сабақ болды. Қаншама адам жұмыссыз қалды. Әлі есімде, блок посттар қойыла бастағанда бойымызды үрей биледі. Төтенше жағдай жарияланғанда шәкірттерімнің көпшілігі ауылдарына кетіп қалды. Солармен бірге ұлым да ауылға кетіп, бір айдан соң әрең алдырдық. Десе де, карантинде қарап қалған жоқпын. Көптен ойда жүрген бизнесімді қолға алдым. Қала сыртында тұратын болған соң, таза ауада демалдық.
Қазақ тойсыз өмір сүре алмайтын халық қой. Кішігірім тойларға, жиындарға, беташарларға қатысып жүрдім. Осы кезде бала күнімнен қазақтың қара домбырасын серік қылғаным үлкен көмек болды. Өйткені, пандемиядағы тойлардың бәрі домбырамен, баянмен өтті. Домбыра, баян тартатын жігіттердің дәурені жүрді.
Негізі, әу деп ән айтатын адамның домбыра тарта білгені дұрыс. Біздің арамызда да "домбыра тарта алмаймыз, тек эстрадамен айтамын" деп ырбаңдап қалған жұлдыздар бар. Бұл дұрыс емес. Мен шәкірттеріме де домбыра тартуды үнемі айтып, міндеттеп жүремін. Ұлттық аспабымызда еркін ойнау үлкен бақыт", - деді әнші.
Сондай-ақ, Өмірқұл Айниязов өз шығармашылығындағы жаңалықтарға да тоқталды.
"Әрине, шығармашылығымда айтарлықтай өзгерістер бар. Соңғы кезде "Бір шәугім шай" деген әнімді көпшілік жылы қабылдады. Былтырғы шілде айында жарыққа шығып, көпшілік жүрегіне жол тартты. "Қазақ осы" деген әнді қайта орындап жүрмін. Бұл ән де халықтың көңілінен шыты.
"Ақ босаға" әнін де тойларда жиі орындап жүрмін. Карантин кезінде репертуарым ауысты. Халық әндерімді жақсы қабылдаса, біз одан әрі шабыттанамыз. Менің 21 жылдан соң қызды болғанымнан көпшілік хабардар. Осыған орай, қызыма арнап өзімнің ертеректе орындаған "Ботақаным" атты әнімді жаңартып жатырмын.
Жалпы, репертуарды жаңартып тұру әншінің өзі үшін керек нәрсе. Ән жаңарса, көрерменнен де сұраныс көп болады. Әлемді жайлаған аурудың беті қайтып, тезірек халықпен қауышсақ, үлкен сахналарда концерт беріп, баяғы өмірге қайта оралсақ деген арман бар", - деді әнші Өмірқұл Айниязов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1933974-yrbandap-qalgan-zuldyzdar-bar-omirqul-ainiyazov-onerdegi-ariptesterine-qatysty-pikirin-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.