RU

Елордада Бибігүл Төлегенованың ХI халықаралық вокалистер байқауы басталды

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Нұр-Сұлтан қаласында Бибігүл Төлегенованың ХI халықаралық вокалистер байқауы басталды. Халықаралық байқауға 11 елден өтінім түскенімен, әлемдік пандемияға байланысты шетелдік қатысушылардың саны шектелді. Дегенмен байқауға 4 елдің өкілдері қатысатын болды. Шараға қатысу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен, алыс және жақын шетелден опера өнерінің жас вокалистері Нұр-Сұлтан қаласына келді.

Байқауға 19-32 жас аралығындағы вокалистер қатысады. Тыңдаулар ашық түрде өтеді. Ән айту тәртібі жеребе тастау арқылы анықталып, байқау соңына дейін сақталады. Соңғы турға жіберілетін қатысушылар саны 14-тен аспайды. 5-8 қазан аралығында іріктеу туры, 10 қазан күні соңғы тур өтеді. Байқау жеңімпаздарын марапаттау гала-концерті қазанның 11-і күні "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрында өтеді.

Байқаудың мақсаты – жас ұрпаққа адамгершілік-эстетикалық тәрбие беру. Вокалистерің халықаралық байқауы жастардың назарын таза классикалық және халық музыкасына тартуды көздейді. Байқау дарынды жас орындаушыларды табуға көмектесіп, қазақ классикалық өнерінің беделін көтеруге және жастардың рухани дамуына септігін тигізеді. Қазақ музыкасының үздік үлгілерін орындау мәдениеттердің өзара араласуына, қазақ халқының жан дүниесінің шынайы сұлулығын ашуға және Қазақстан композиторларының туындыларын насихаттауға жол ашады.                        

Байқауға қатысушылардың өнеріне беделді және кәсіби әділ қазылар баға береді.

ХІ халықаралық вокалистер байқауының қазылар алқасының төрағасы - КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО мен Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, академик Бибігүл Төлегенова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1936255-elordada-bibigul-tolegenovanyn-xi-xalyqaralyq-vokalister-baiqauy-bastaldy/