RU

"Ақша қайда": Түсіпбаева Майра Ілиясовадан Әлібиге жиналған 4 млн теңгенің есебін талап етті

Меруерт Түсіпбаева
Фото: Instagram/meruert_tusupbaeva

Отандық эстрада жұлдызы Меруерт Түсіпбаева Ақтөбеде он жылға сотталып кеткен лагерь тәрбиешісі Әлібиге қатысты істің жаңа деректерін бөлісті. Өнер иесі енді жас жігіттің құқығын сот алдында адвокат Абзал Құспан қорғайтынын айтты. Қорғаушы өз жұмысын тегін істеуге келіскен. Алайда, әнші оның жолы мен жеке шығынын өтеу үшін Әлібиге деп халықтан жиналған ақшадан беру керектігін алға тартты. Бұл орайда, ол жұртшылықтың жинаған 4 миллион теңгесі өнердегі әріптесі Майра Ілиясоваға тапсырылғанын айтып, одан есеп беруін талап етті деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Меруерт Түсіпбаева Ілиясованың өзі жалдаған таныс адвокаттарының сотта нәтиже көрсете алмағанына шүйлікті. Ашуға булыққан жұлдыз Instagram парақшасында жазба жариялап, жағдайдың мән-жайын түсіндірді.

"Достар, маған кеше Абзал Құспан хабарласты. ”Алматыдамын, Қызылордаға Әлібиге барғалы жатырмын, енді ресми айналысатын боламын, хабарласыңыз “ деді. Әлібиді, 3 ”адам”, соққыға жыққан болатын. Хәлі нашарлап, соқырішек болып, ота жасалды. Абзал бүгін Қызылордаға жолға шықты. Жолы болсын! Рахмет.
Мен, Асхат Маемировке хабарласып, тегін қорғаймын деп отырған Абзалға, тым болмаса жолына ақша беру керек дедім. Алдында жинаған ақшаның есебі Майра Ильясовада.
Біз, жоғары сотқа кассация береміз деп, халықтан ақша жинағанда Абзал Құспан Асхат Маемиров екеуімізге хабарласып, тегін қорғайын деген. Біз Майра Ильясоваға айтқанбыз, сіз тапқан адвокаттардан бас тартайық деп. Абзалға сенеміз, бұл кісі бұл істі аяғына апарады дегенде. Майра Ілиясова көнбей қойған.
"Келісімшарт жасалды. Осылар қатырады" деп. Негізі, адвокатпен келісімшартты бұза салу - оңай іс қой. Жабысып қалған дүние жоқ! Хош делік! "Мен жалдаған екі адвокат әйел, қатырады" деді. Ол кісі, бізден бір көйлекті бұрын тоздырды ғой деп, шамамен 4 млн ақшаны сол кісіге тапсырдық", - деп жазды әнші.

Меруерт Түсіпбаева аталмыш адвокаттардың Әлібиге арналған бағдарламаға да келмегенін айтты. Түсірілімнен кейін әнші өзегі өртеніп, бір сағат жылаған.

"Енді ол адвокаттар қайда, Майра апай? Қыста, “Евразия“ арнасы, Әліби туралы бағдарлама түсіргенде, ол екі адвокатты неге көрмедік, аттарын да ұмытыппын. Әлия-Лаура ма еді? Кім еді? Нүркөн бе еді? Түсірілім барысында, біз жалдаған адвокаттар өздері келмей орнына жұмсаған адвокат, Әлібиді 7 рет Әлішер деп атын шатастырып, “позоры” шашылғанына бәріміз куәміз. Мен, бағдарламадан шығып, “Казмедиа” алдындағы жылы аялдамада отырып, өкініштен өзегім өртеніп, ешкімді көргім келмей, бір сағаттай жылағаным есімде", - деп есіне алды.

Сөз соңында шоу-бизнес өкілі бұл тақырыпты іс әділ түрде аяқталғанда ғана жабатынын алға тартты. Оған қоса, ол Майра Ілиясовадан Әлібиге деп халықтан жиналған ақшаның есебін талап етті.

"Мен, табиғатымда, қолыма алған істі аяғына дейін апаратын адаммын. “Әліби “ деп атой салғандар сияқты жылт етіп, не болса, о болсын деп, кетіп қала алмаймын! Істі аяғына дейін жеткіземін! Құдай қаласа, Әліби бостандыққа шыққанда ғана, бұл тақырыпты жабамын. Майра апай! Бұл халықтан жиналған ақша!! Сіз жалдаған адвокаттар елдің алдында есеп берсін! Не бітірді? Неге нәтиже жоқ? (чек?) Тегін қорғаймын деп талпынып отырған Абзал жол қаржысын, Қызылордаға барғанда мейрамхана, тамақ-суын кім төлейді? Жауап күтемін", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1937022-aqsa-qaida-tusipbaeva-maira-iliyasovadan-alibige-zinalgan-4-mln-tengenin-esebin-talap-etti/