Досхан Жолжақсыновтың жұбайы өзінен 16 жас үлкен актерге қалай ғашық болғанын айтты
Жарияланған күні:
Танымал актер Досхан Жолжақсыновтың жұбайы Қарагөз Сүлейменова өзінің отбасылық өмірі мен жолдасымен таныстығы туралы әңгімелеп берді. "Түркістан" газетіне берген сұқбатында ол өзінен 16 жас үлкен актерге қалай ғашық болғанын баяндады.
Қарагөз Сүлейменованың айтуынша, алғаш рет жары Досхан Жолжақсыновты 12 жасында қоғамдық көлік ішінен көрген. Танымал актердің болмысына ол сол кезде-ақ назар аударыпты.
"Шынымды айтсам, мен Досекеңді алғаш рет он екі жасымда көрдім. Үнемі мектептен шыққан соң №5 троллейбуспен үйге қайтамын. Күнде көріп, күнде жүретін көшем болса да, терезеден даланы қызықтап, телміремін де отырамын.
Бірде есіктен үстінде ұзын қара плащы бар, басындағы қалпағы ерекше жарасып, өзім кинодан ғана көрген актер кіріп келе жатты. Сол жылдары, яғни 1977 жылы шыққан "Бандыны қуған Хамит" ел арасында жағымды пікір қалыптастыра бастаған-ды. Көзім жыпылықтап, тірі актер көргеніме іштей қуанып, сол жаққа қарай беремін.
Әрине, ол мені байқаған да жоқ, тіпті мен жаққа көз де салмады. Ішімнен "үйленген болар, бәлкім балалары да бар шығар" деген бір ой жылт ете қалды. Кейін ойлаймын ғой, қазақ "Он үште отау иесі" дегенді бекер айтпаған-ау, қыз бала бойжете бастағанда оның бойында да, ойында да әйелге тән қасиеттер пайда бола бастайды екен. Содан ол театрдың алдындағы аялдамадан түсті, ізінен мен де түстім.
Өйткені біздің үй Мәметова көшесінің, яғни жастар театрының артында. Аялдамадан бірге түстік. Ол алда, мен артта, оның басқан ізін санап, қадамым жетпесе де, соңынан ілесіп келемін. Қызметкерлер кіретін есіктен сұлбасын ұзатып салып, сылбыр басып үйге беттедім", - деп әңгімеледі ол.
Актердің жұбайы бой жете келе, театр және көркем сурет институтының режиссерлік факультетіне оқуға түскен. Досхан Жолжақсыновпен бірнеше мәрте түсірілім алаңында кездесіп қалып жүрген. Актер де қазақы тәрбиеленген, сұлу бойжеткенге бірден назар аударыпты. Өзара сыйластық үлкен махаббатқа ұласып, олар шаңырақ көтерген.
Айта кету керек, Қарагөз Сүлейменоваға дейін Досхан Жолжақсыновтың отбасы мен бір ұлы болған. Қазіргі таңда бірінші әйелінен туған Біржан есімді ұлын актер үйлендіріп, бөлек шығарған.
Актердің жұбайы жолдасының үйленіп, ажырасып кеткенін әу баста-ақ білген. Дегенмен, оның неліктен ажырасқанын қазбалап, сырын ашуға тырыспағанын айтады.
"Қыз бен жігіт болып ұзақ уақыт жүрмесек те, сағынып кездескен кездерім әлі есімде. Қол ұстасып қыдырған кештердің бірінде: "Әйеліңізбен неге ажырастыңыз?" деп сұрадым. "Біреумен көріп қалдым" деді. Өтірігі, не шыны екенін ажырата алмадым. Одан әрі маған да ештеңе керек емес еді. Өйткені маған дейінгі ғұмыр, тірлігіне оның да, өзімнің де бас қатырғым келмеді. Осылай тағдырымыз тоғысып, бас қостық, шаңырақ көтердік.
Ол кезде мен жиырма бір, ал Досекем отыз жеті жаста еді. Ойлап отырсам, жарықтық әжем айтпақшы, жап-жас, бала екен ғой. Қазір ол орта жас, елдің сол жастағы балалары әлі күнге үйленбей, сұрбойдақ болып жүр", - деп еске алады Қарагөз Сүлейменова.
Еске салсақ, жуырда Досхан Жолжақсынов 70 жасқа толып, өзінің мерейтойын атап өтті. Туған күніне орай, актерге өнердегі ерен еңбегі үшін "Отан" ордені табысталған.
Жолдасының мәртебесін көтеріп, ұдайы мақтауын асырып отыратын Қарагөз Сүлейменова бұл сұқбатында да Жолжақсыновтың ер азаматқа тән қасиеттеріне тоқтала кетті. Мәселен, актер екі ұлына еш уақытта дауыс көтеріп, жекіп көрмеген екен.
"Күйеу деген түсінік бір бөлек, әке де бір бөлек, ата деген де бөлек, ал азамат деген түсінік бір бөлек, білген адамға оның жиынтығы – тұлға! Ал Досекеңдей халықтың ықыласына, құрметіне, махаббатына бөленіп, өнердің биік белестерін бағындырған азамат, ол енді тұлға ғана емес, бекзаттықтың үлгісі, тәлімі. Дегдар адам. Сондықтан болар, ол өте мейірімді, балажан. Олармен санасып, ақылдасып отырады.
Біржан мен Бекзатты баласы емес, жақын досындай пікірлес, сырлас көреді. Артық қимылын көрсе, дауыс көтермей-ақ, түсінісіп жатады. Жекіп, ұрысып жататын сәттері сирек. Біржанды он төрт жыл бірге тұрып, үйлендіріп, бөлек шығардық. Төрт немереміз бар. Ал Бекзаттан бір немере, алты жаста. Қызымыз Ділдәні ерекше жақсы көреді, еркелетеді. Биыл Мәскеу мемлекеттік халықаралық-экономикалық институтына түсті", - дейді ол.
Сұқбаттасқан Таңсұлу Алдабергенқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1938176-dosxan-zolzaqsynovtyn-zubaiy-ozinen-16-zas-ulken-akterge-qalai-gasyq-bolganyn-aitty/