Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қызым үшін аман жүруім керек": 43 жасында алғаш рет ана атанған Майра Мұхамедқызы эфирде жылап қалды

Опубликовано:

Майра Мұхамедқызы
Майра Мұхамедқызы. Кадр: Qazaqstan телеарнасы

Қазақ опера өнерінің жарық жұлдызы Майра Мұхамедқызы "Қазақстан" телеарнасына берген сұхбатында марқұм анасын еске алып, көзіне жас алды. Әлемдік опера саңлақтарын дарынымен мойындатқан өнер иесі өміріндегі ең үлкен арманы туралы айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы биылғы жылдың қаңтар айында Шымкенттегі Опера және балет театрының директоры қызметіне тағайындалған болатын. Қазіргі таңда ол бұл қызметін абыроймен атқарып отыр.

Әншілік өнерден бөлек, басшы қызметінің де қыр-сырын іс жүзінде меңгеріп жүрген өнер иесінің бүгінде әр минуты санаулы. Себебі, бұрын ол тек қана өзінің шығармашылығын алып жүрсе, қазіргі күні оған қоластындағы 100-ден аса қызметкердің басын біріктіріп, сапалы шығармашылық ортаны ұстап тұру міндеті жүктелген.

"Бұрын "неге осы басшылар үнемі қабағын түйіп, күлмей жүреді" деп ойлайтын едік. Бірақ, мейіріммен қарап, күліп жүрсең, "ой мына кісі жұмсақ екен, онымен сөйлесу оңай" деп ойлайтындар да бар екен. Бұған дейін қатал болып көрмегенбіз, жұмсақ, мейірімдіміз, мәдениет сақтап, жылы сөйлеп үйреніп қалғанбыз. Үкіметтің жұмысын істеп көрмегенмін. Біреудің бетінен алып, қатаң болу қолымнан келмейді", - дейді ол.

Десе де, қарамағындағылардың өнер иесі туралы пікірі жаман емес. Олар оны талапшыл басшы ретінде сыйлайды.

"Дөрекі сөйлемейді, бірақ орындалмай қалған дүниелер болса, талап етеді", - дейді басшысы туралы пікір білдірген Опера және балет театрында жұмыс істейтін хатшы қыз.

Жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, қазірде Майра Мұхамедқызы "Қазақстан дауысы" деп аталатын ауқымды жобаның тәлімгерлері қатарынан бой көрсетіп жүр. Ол қанша шаршап жүрсе де, өз қызметін адал атқаруға барынша тырысатынын жеткізді.

"Таңғы бесте ұйықтап, тоғызда қайта тұрамын. Көзім өстіп кіртиіп отырады. Бірақ, мүмкіндікті жіберіп алмай, нағыз дарынды, нағыз талантты жандарды әділдікпен іріктеп алғың келеді", - дейді әнші.

Айтуынша, әйелдерге қарағанда қызметте жүріп, барлығына үлгеру ер адам үшін әлдеқайда жеңілірек.

"Еркек адамға оңай. Әйел болғасын қиын болады. Әйел тамағын пісіріп, кірін жуып, баласын қарап, көмекші болады. Мысалы мен жұмыстан шықтым ба, үйге барған соң қазан-ошаққа кірісіп кетесің. Өйткені мен үйге барған соң, шіреніп "мен бастықпын, бәрін қырып, қиратып келдім" деп айта алмаймын. Үйде сен - әйелсің, анасың", - дейді ол.

Сұхбат барысында әнші өзінің отбасы туралы да айта кетті. Әнші кез келген мәселеге қатысты отбасымен кеңесіп отыратынын сөз етті.

"Лауазымды қызметті ұсынған кезде, қызым мен жолдасымды отырғызып қойып, сұрадым. "Осындай қызмет ұсынып жатыр, өміріміз өзгеріп кетуі мүмкін. Қазіргі мынау ыңғайлы, рахат зонадан шығуымыз керек" дедім. Қызым да, жолдасым да қолдады. "Кез келген жағдайға шыдаймыз, сені қолдаймыз" деді.

Анам әрқашан айтатын: "Балам, мен сегіз баланы дүниеге әкеліп, әнімді, сахнаны ешқашан тастаған емеспін. Отбасымыз тату-тәтті, әкеңмен бірге 60 жыл бойы бірге өмір сүрдім. Ондайға жеткен де, жетпеген де бар. Оның сыры - кішіпейілділікте, шаңырақты ұмытпа ешқашан, күліп кір, отбасыңның күн мен айы сен боласың. Сол кезде балаң да күлімдейді. Сен күлген кезде шаңырағың күнге айналады" деп. Сол рөлді ешқашан ұмытқан жоқпын", - дейді Майра Мұхамедқызы.

Екі жыл бұрын анасынан айырылып қалған опера жұлдызы қазіргі таңда ең үлкен арманы - 43 жасында дүниеге әкелген жалғыз қызы Аиданың бой жетіп, оң-солын танығанша жанында жүріп, жол сілтеу.

"Анамнан артық ешкімге сене алмадым. Анамнан ештеңені жасырмадым. Сондықтан, бұл өмірде анам боп өткен анама да рахмет айтамын, бала боп өткен мен де бақыттымын. Келесі өмірде кезіге аламыз ба, жоқ па - білмеймін. Өмірді түсіне алмайсың. Шаршап жүргеннен ғой.

Тоғыз жастағы қызым тосыннан сұрақ қойды. "Мама, біз келесі өмірде кездесе аламыз ба" деп. Таңғалатыным, тоғыздағы баланың сұрағы. Сонда ойланып қалдым, "мама, мен сені сондай жақсы көрем. Келесі өмірде де менің анам болғаныңды қалаймын" дейді. Қызыма кезігеміз деп айттым. "Мен сенің әрқашан қасыңдамын. Мен кетіп қалсам да, қасыңдамын" дедім.

43 жасымда босанған қызым Аида үшін ауырмауға тиіспін, сақ, аман жүруім керек. Өйткені мына қызды мен аяғына тұрғызып, қиыншылықты еңсере алатындай кезіне дейін жеткізуім керек деп ойлаймын. Біз болжай алмаймыз. Не күтіп тұрғанын білмейміз", - дейді Майра Мұхамедқызы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1938973-qyzym-usin-aman-zuruim-kerek-43-zasynda-algas-ret-ana-atangan-maira-muxamedqyzy-efirde-zylap-qaldy/

pixel