Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ауыр отадан өткен": Жұлдыз Әбдукәрімова үлкен ұлының денсаулығы сыр бергенін айтты

Жарияланған күні:

Жұлдыз Әбдікәрімова
Фото: Instagram/zhuldyzabdukarimovaofficial

Әнші Қайрат Нұртастың жары, актриса Жұлдыз Әбдукәрімова соңғы уақытта әлеуметтік желіде неге белсенді емес екенін түсіндірді. Оның сөзінше, үлкен ұлы Нарұлдың денсаулығы сыр берген, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Желіде бірнеше күн бой көрсетпеген актриса үлкен ұлының дертіне байланысты ауруханаға сабылғанын айтады. Біршама уақыт бұрын жүрегіне ота жасалған Нарұлдың денсаулығы қайта сыр берді, дейді Әбдукәрімова.

"Нарұлымның жүрегі аяқ-асты қайтадан шаншып, жедел жәрдем шақырдық. Осыдан үш жыл бұрын ауыр отадан өткен. Ол кезде небәрі 7-де болатын. "Анашым" деп дем жетпей, жаны қысылғанда өзімді қоярға жер таппай кетемін. Алла ешқандай ананы баламен сынамасыншы. Дереу жедел жәрдем шақырып, 1-қалалық ауруханаға жатқыздық.

Кейін кардиохирургиялық орталыққа ауыстырдық. Себебі, мұндағы дәрігерлер Нарұлдың дертінің барлық тарихынан хабардар, отасы да осы жерде жасалған еді. Толық тексерістен өтіп, нәтижесі дайын болғанда дәрігерлер консилиум жасап, әрі қарайғы емін анықтайды. Бәрі жақсы болады деген үміт те, сенім де бар. Ең бастысы, отасыз-ақ емделіп кететінін естігім келеді. Алла жәрдемшің болсын, жаным", - деп жазды ол.

Сонымен қатар, Жұлдыз Әбдукәрімова ұлы үшін уайымдаған барша жанға алғысын айтты.

"Құдай ниетіңе қарай береді дейді ғой. Қазақтың ниеті де, көңілі де қандай кең еді. Нарұлдың ауруханаға жатқанын естіп, 1 сағаттың ішінде қаншама жылы тілек, дұға келіп жатыр. Өмірде көрмеген, таныс емес жандар жылап, уайымдап жазып жатыр.

Тіпті, "ертең ауруханаға барамыз" деп жазып жатқандар қаншама. Алла ниеттеріңізге еселеп берсін. Ешқайда барудың қажеті жоқ, карантин кезінде өзімізді де кіргізбей жатыр. Сондықтан бізге дұғаларыңыздан асқан қолдау жоқ. Алла ешбір ананы баламен сынамасын. Жақсы күндерде жолығайық", - дейді актриса.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1939054-auyr-otadan-otken-zuldyz-abdukarimova-ulken-ulynyn-densaulygy-syr-bergenin-aitty/