Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Менімен бірге өскендердің біреуі жоқ": Төлеген Мұхамеджанов Семейдегі атом бомбасының әсері туралы айтты

Опубликовано:

Төлеген Мұхамеджанов
Төлеген Мұхамеджанов: YouTube/Нартай Аралбайұлы

Қазақ композиторы Төлеген Мұхамеджанов Семейдегі атом полигонының зардабы туралы мәселені көтерді. Нартай Аралбайұлына сұхбат берген сазгер атом бомбасының салдары әлі де бар екенін айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Сұхбат барысында Төлеген Мұхамеджанов Семей өңіріндегі туған ауылы нағыз полигонның ошағында орналасқанын жеткізді. Айтуынша, ауылдастары аспанда жарқ ете қалатын құбылыстың не екенін көпке дейін білмеген. Әлдебір дүмпулердің жарылыстан болатынын алғаш рет естігенде, композитор қатты толқып, тіпті жылап та алғанын еске алады. Артынша, қазақ даласының қасіретіне арнап туындысын жазып шыққан.

"Мен Семейдің адамымын. Полигонның нағыз эпицентрінде туып-өскен жанмын. Атом жарылысын өз көзіммен көрдім. Бес-алты жастағы баламын. Әкем, үлкен ағам, үлкен әпкем ерте кетті. Небәрі 27 жасында қайтты екеуі де. Алғаш рет шындықты естігенде, жылап та алдым. Содан кейін "Замана" деп аталатын туындымды жаздым. Шындықты ашқан Олжас Сүлейменов қой", - деді композитор.

Төлеген Мұхамеджанов жақындарының ерте дүниеден өтуіне полигонның тікелей қатысы бар деп есептейді.

"Бүген деген ауыл кішкентай ғана. Есімнен кетпейді, баламыз ғой, сол ауылда көз аурулары ауруханасы ашылды. Қарап отырсаң, кішкентай ғана ауылда оны неге ашты? Бәріміз жатып шықтық. Менде жатып шықтым. Қайдан келгенін білмейміз, танымайтын дәрігерлер. Қазір ойлаймын, соның барлығы жасалған эксперимент екен ғой. Бала болып ойнап жүргенде, бірдеңе аспанда жарқ ете қалатын да, алып саңырауқұлақ шыға келетін. Соның дүмпуі келеді. Ойнап жүре беретінбіз, мақтанып. Оның сұм ажал екенін қайдан білеміз? Ауылда менімен бірге қатар өскен жігіттердің біреуі жоқ қой қазір", - дейді ол.

"Үлкендер де білген жоқ. Қарапайым қазақтар ауылда тұратын не біледі? Олжас айтқанда ғана білдік не екенін. Кейін үкімет соның есесін қайтарғандай болды. Мен 50 жасқа толғанымда зейнетақыға үстемақы қосылды. Эпицентрде тұрған барлық тұрғындарға осылай төленді. Қолдан келгенше қайарғандай болды ғой. Бірақ мұны ешқандай ақшамен қайтара алмайсың. Әсері де жылдар өткен соң шығуы мүмкін.

Мен өзімді өзім қолдан келгенше күтемін, кез келген ауру болсын, күресемін. Күнделікті жүріп, гимнастикамды жасаймын, не жүгіремін, не жүремін. Адамның денсаулығы өз қолында, бірақ денемде қандай ауру бар екенін бір Алла біледі ғой", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1939357-menimen-birge-oskenderdin-bireui-zoq-tolegen-muxamedzanov-semeidegi-atom-bombasynyn-aseri-turaly-aitty/

pixel