RU

"Ауруханада отырып, бәрін түсіндім": Тәуекел Мүсілім өзін тәубеге келтірген жайтты есіне алды

Тәуекел Мүсілім
Тәуекел Мүсілім. Фото: YouTube/Асем Мерекеқызы

Отандық киножұлдыз Тәуекел Мүсілім журналист Әсем Мерекеқызына берген сұхбатында өмірлік кәсібі - актерлікке жету үшін қандай қиыншылықтарды бастан кешіргенін, тұлғалық даму жолындағы ізденістері мен дінге қалай келгені жайында сыр шертті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Актердің айтуынша, ол актерлік кәсіпті меңгеру үшін біршама тер төккен. Әсіресе, тілінің жұтаңдығы, сөздердің дыбысталуы секілді әлсіз тұстарын жақсарту үшін әрекет еткенін айтады.

"Мен өзімді сырттан елестететінмін. Сөйтіп, әлсіз тұстарыммен жұмыс істей бастадым. Тіл жағын, актерлік жағын, тіпті сұхбат берген кезде де өзімнің сөз саптауымның дұрыс емес екенін түсінетінмін. Қазірдің өзінде мен өзімнің сөзімді дұрыстап отырамын. Камераның алдында көзімді жыпылақтата беретінмін, осы кемшілікпен жұмыс істедім. Келесіде іштей дайын болатынмын. Адам өзімен өзі жұмыс істеген кезде ғана кемшілігін жоя алады", - деді ол.

Айтуынша, ол қазіргі таңда дінге бет бұрған. Оның ислам дінінің негіздерін оқып, зерттеуіне біріншіден - достары, екіншіден - ішкі түйсігі себеп болған. Одан бөлек, ол анасын ауруханаға апарған кезде, көптеген жандардың жаны қысылғанын көріп, ойлана бастағанын айтады.

"Адамның дені сау, еш жері ауырмаса, тоқ болса, ол көп нәрсенің байыбына бармай жүре береді екен. Мен де сөйттім. Анам жанымда, денім сау, пәтерім, көлігім бар деп жүре бересің. Бір күні анам екеуіміз Медеуге барып, сырғанақ тептік.

Анам сол кезде байқаусызда құлап, қолын ауыртып алды. Бірден ауруханаға барып, сонда отырған 40 минуттың ішінде көп нәрсені ұғындым. Бұл өмірде барлығы керемет емес екенін түсіндім. Онда келіп жатқан неше түрлі жандарды көріп, ойлана бастадым", - дейді ол.

Актердің сөзінше, қазірде ол достарымен жиналып, рухани әңгіме айтатынды әдетке айналдыратын болған. Бұл кездесулер ер адамның тұлғалық тұрғыдан өсуіне үлкен септігін тигізеді, дейді киножұлдыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1940711-auruxanada-otyryp-barin-tusindim-tauekel-musilim-ozin-taubege-keltirgen-zaitty-esine-aldy/