Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Финалға дейінгі бір күн: балалар Евровидениесі ұлттық іріктеуінің сахна сыртындағы көріністері

Опубликовано:

Junior Eurovision-2021
Фото: «Хабар» телеарнасы

Junior Eurovision-2021 Ұлттық іріктеуінің финалына дейін санаулы сағаттар қалды. Еліміздің атынан Парижде өнер көрсететін жеңімпаздың есімі анықталатын концерт 6 қараша күні сағат 19:00-де «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде көрсетіледі.

Ұлттық іріктеуге өтінімдерді қабылдау 29 қыркүйек күні басталды. Қазақстанның барлық өңірлерінен барлығы 819 өтінім қабылданды. Екінші кезеңде қазылар алқасы ең мықты 30 қатысушыны таңдады, олардың арасынан жалпыхалықтық онлайн-дауыс беру арқылы 10 финалист анықталды.

Финалистер өз дайындықтарының барысында вокал, хореография, сахналық қойылым бойынша жаттығу сабақтары мен шеберлік сағаттарына қатысып, кәсіпқой мамандардан әншілік өнердің барлық қыр-сырын білуге мүмкіндік алды. Жас таланттар финалдың күрделілігі және ауқымын толықтай сезініп, іштегі толқыныстарын жасырмады.

«Қатты толқып тұрмын, өйткені бұл тікелей эфир. Біз барынша дайындалдық, менің өнер көрсетуім жарқын боларына сенімдімін», - деді ұлттық іріктеудің финалисі Екатерина Табарина.

Ақтаудан келген 13 жасар әнші Армен Саакян өз дауысының өзгеріп жатқанына байланысты қиындықтар туындағанын айтты. Ол өзінің музыкалық қойылымын оқытушылардың қатаң бақылауымен дайындауда.

«Қызу дайындық жүріп жатыр, сахнада ән айттық. Бәрі жақсы ұйымдастырылған. Мен үшін ең қиыны – өз дауысымды бақылауда ұстау».

Халықаралық байқаудың ережесіне сәйкес, елінің намысын қорғайтын жас әнші авторлық әнді орындауы шарт. Танымал отандық композиторлар ұлттық іріктеудің 10 финалисіне дауыс тембрі, диапазон және ән салу тәсіліне сәйкес арнайы музыкалық композицияларды жазып берді.

«Біздің алдымызда жоба форматына сәйкес келетін тректерді таңдау ғана емес, сонымен қатар баланың вокалдық қабілеттерін барынша ашу міндеті тұрды. Музыкалық материалмен жұмыс істеу барысында қатысушылар өздері үшін музыкалық композицияларды орындаудағы жаңа мүмкіндіктер мен стильдерді ашады», - деді жобаның музыкалық продюсері Хамит Шаңғалиев.

Өткен жылдары жеңімпаз атанған – Ержан Максим мен Қарақат Башанова биылғы қатысушыларды ұлттық іріктеудің финалына дайындалуына өз үлестерін қосуда.

Ертең, 6 қараша күні, сағат 19:00-де «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде көрсетілетін жарқын шоуды жіберіп алмаңыздар. Біз қазақстандықтардың Парижде өтетін халықаралық гранд-финалда өнер көрсетуге кімді таңдайтынын бірге білетін боламыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1940795-finalga-deiingi-bir-kun-balalar-evrovideniesi-ulttyq-irikteuinin-saxna-syrtyndagy-korinisteri/

pixel