"Заманауи термеші": Алматы облысында мектеп мұғалімі рэп айтып, елге танылды
Жарияланған күні:
Еңлік Құрарбек Алматы облысы Боралдай елдімекеніндегі мектептердің бірінде ағылшын тілі пәнінің ұстазы болып жұмыс істейді. Одан бөлек, ол "заманауи терме" айтуға ден қойып, елге рэп орындаушысы ретінде танылуда. Музыканы жан-тәнімен сүйетін бойжеткен Қызық Live бағдарламасына сұқбат беріп, өзі туралы кеңірек баяндап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Yenlik лақап атымен елге танымал Еңлік Құрарбек қазақ тілді рэп орындаушысы ретінде көптің сүйіспеншілігіне ие болып жүр. Әсіресе өнер иесінің Dop атты алғашқы туындысы қазақстандық ТОП-тардан түспей, тыңдармандардың жүрегін жаулауда.
Бағдарламаға қонақ болып қатысқан мұғалім қыздың музыкалық білімі жоқ. Дегенмен желіде оның орындаған рэптерінің өз тыңдарманы бар.
"Мектепте мұғаліммін. Ағылшын тілінен бастауыш сыныптарға сабақ беремін. Боралдайдағы №17 мектепте жұмыс істеймін. Бастауыш сыныптарға сабақ беретіндіктен, шәкірттерім менің бұл өнерімді біле бермейді. Бірақ үлкен сыныптың оқушылары танып, суретке түсіп жатады", - дейді Еңлік.
Еңліктің айтуынша, ол ұстаздықты өмірлік маңызды кәсіп деп санайды, алайда өнер мен ұстаздық екеуінің арасында таңдау туып жатса, онда ойланбастан мұғалімдіктен кетер едім дейді.
Бұдан бөлек, бойжеткен рэп орындаушысы боламын деп мүлдем ойламағанын айтады. Заманауи терме ретінде орындаған Dop әнін оның достары бірден "рэп" ретінде қабылдапты.
"Әнді жазғанда рэп болады деп ойлаған жоқпын. Бірақ достарым "мынау рэп қой" деді. Өзіме терме сияқты. Негізі менің әндерімді "заманауи терме" десе болады", - деді Еңлік.
Айта кету керек, Еңлік өнерден орнын табу үшін біршама тер төккен. Ол өзімен жұмыс істеп, тұлғалық дамуға көбірек көңіл бастаған.
"Бұған дейін де айналысып жүрдім, бірақ сәтті шықпады. Сосын өз-өзіммен жұмыс істеп, кейін шығару керек екенін түсіндім. Bipl атты әнді музыканы қайта қолға алған кезде жазған едім. Онда "музыкаға қайта ораласың ба?" деген ой бар", - деді әнші.
Сондай-ақ, Еңлік тәжірибе жинау үшін шетелге шығып, бақ сынауды жөн санайтынын айтты. Оның айтуынша, өзінде де ондай ой бар. Бірақ қай жерде жүрмесін қазақша ән жазуды тоқтатпақ емес.
"Қазақстанды көтеру үшін шетелге барып тәжірибе жинап немесе сол жақта тұрып келу болса, онда, иә. Мен оны қолдаймын. Өзім де соны ойлап жүрмін. Ол жақта да қазақша жазамын, неге жазбасқа", - дейді Еңлік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1941627-zamanaui-termesi-almaty-oblysynda-mektep-mugalimi-rep-aityp-elge-tanyldy/