Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жүріп жүрген жігітімнің көзін құртты": Мақпал Жүнісова Нұрқаділовтің өзіне деген махаббаты туралы сыр шертті

Жарияланған күні:

Мақпал Жүнісова. Фото
Мақпал Жүнісова. Фото: Мақпал Жүнісова. Фото

Қазақ ән өнерінің майталманы саналатын Мақпал Жүнісова марқұм жары Заманбек Нұрқаділовті еске алып, оның өзіне деген ыстық ықыласы туралы баяндап берді. Жүнісованың айтуынша, ел ағасы оны екі жыл бойы бақылап жүрген. Бұл туралы әнші Нұрлан Албанға берген сұхбатында айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мақпал Жүнісова сұхбат барысында жас кезін еске алды. Ол өзінің өте ерке бойжеткен болғанын айтады. Алайда, жан жары өмірден өткен соң, біраз дүниенің байыбына барып, барынша сабыр сақтауды үйрене бастаған.

"Жастау кезімізде ерке болдық, тотай болдық, халық жүрген жерімізде аяғымызды жерге тигізбейтін. Одан кейін Зәкеңдей нар тұлға кездесті. Ол кісі тіптен еркелетті мені. "Жануля" деп атымды атамай, жаяу жүргізбейтін. Сыйлағандықтан ба, қызғаныштан ба - осы күнге дейін түсінбей кеттім. Жаяу жүрейін десем жаяу жібермейтін, "көлік айдауды үйрет" десем, шопырмен жіберетін. "Мен тұрғанда көлікті қайтесің?" дейтін.

Қазір шопырдың бетіне қарап отыратын болдық қой. Шопыр жоқ болса, жұмысым бітпейді. "Неге сонша қызғанасыз құрсын" дегенде, "махаббат болғасын қызғанам. Махаббат болмаса, мен сені қызғанбас едім" дейтін. Оған да көндік. Бәріне төздік. Маған сабыр Зәкең кеткеннен кейін келді. Әйтпесе, артыңда қорғаның, алдыңда халқың бар, ештеңеден қорықпайтынмын мен. Бүкіл менің еркелігімді көтеріп алатын халық. Қазір жас келді. "Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ". Бұрын бәрін Зәкеңе тапсырып қойған едім. Қазір өзіме өзім қожамын. Өз-өзімді сабырға шақырып қойып отырамын", - дейді ол.

Ол сонымен бірге, Заманбек Нұрқаділовтің өзіне деген сезімі туралы айтты. Мақпалдың айтуына қарағанда, ол әнші қыздың артынан екі жылдай уақыт жүгірген. Бастапқыда Жүнісова өзінен 25 жас үлкен кісімен көңіл жарастырудан жасқанғанымен, артынша оның сезімінің шынайы екеніне көзі жетіпті. Ал оған тұрмысқа шыққан соң, әнші отбасылық өмірге тез үйреніп, бейімделіп кеткенін айтады.

"Маған ешқандай қиындық туғызған жоқ. Ол кісі мені таңдады. Ол кісі анау-мынау адам емес, менен 25 көйлек бұрын тоздырған кісі. Мені алуға дайын, зерттеген адам болып тұр ғой. Мен баршылықта өскен адам емеспін. 9 жасымнан қалаға кеттім. Интернатта өстім, 9 жыл жатақханада тұрдым. Ешкімнен ештеңені қол жайып сұрамаған, халықтың арасынан шыққан адаммын. Байлықты аңсаған адам емеспін. Ол кезде өнердің құрметті кезі еді. Өнер десе ішкен асын жерге қойып, құрметтеп, бес жерде концерт берсең, бес жерде қой сойылатын заман еді. Міне, сөйтіп жүретін кез еді. Сол өміріме риза едім. Бізге соның бәрі керемет болды.

Зәкең де мені бірден ала қойған жоқ. Ол кісі екі жылдай мені бақылауда ұстады. Жүріп жүрген жігітімнің көзін құртып жіберді. Телефон жоқ ол кезде. Үйден шықсам болды, бір Нива тұратын. Ішінен Володя деген орыс шығатын. Зәкеңнің Нивалары екен. Қашып, ұрсып жүрем. Сонда да артымнан қалмады. Ол кісі мені зерттеген, ел ағасы, анау-мынау жігіт емес. Талай рет мені делегацияға қонаққа шақырды. Сол жерде ән айтып берем. Ол кісіге "кет-ей" деп айта алмайсың. Үлкен кісі. Бірақ біз жақтан "Қойыңыз, аға, ұят болады, отбасыңыз бар", - деген сөздер де болды. Бірақ Зәкең: "Мен саған ғашықпын, болды. Ешқайда бармайсың. Маған ғана тұрмысқа шығасың, болды", деді. Ағаңды тыңдадық.

Бірге отбасы болғанда мынадай заңғардай адамды баптап күтуге қорқып, "ол кісінің көңілінен шыға алам ба?" деген ойлар болды. Бірақ мен ауылда өскен қызбын, үйді де сылаймын, жинаймын, тамақ та істеймін, қолымнан бәрі келеді. Сосын ағаңның алдында кішреюді білдім. Адам танитын болған соң мені алған шығар. Жақсы көрмесе тастап кетер еді ғой, бір-екі жыл тұрып. Зәкеңе әйел табылмай ма?" , - деп баяндады ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1943526-zurip-zurgen-zigitimnin-kozin-qurtyp-ziberdi-maqpal-zunisova-nurqadilovtin-ozine-degen-maxabbaty-turaly-syr-sertti/