RU

"Не болып барамыз?": Айтыскер ақын Сара Тоқтамысова гендер-пати жасайтындарға шүйлікті

Сара Тоқтамысова
Фото: Instagram/sarkanai

Отандық танымал айтыскер ақын Сара Тоқтамысова соңғы кезде қоғамда белең алған "гендер-пати" ұйымдастыратындарға қатысты өз ойын айтты. Өнер иесі шетелге еліктеп, бала жынысын жұртқа жариялау үшін той жасайтындарға шүйлікті, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Сара Тоқтамысова Instagram парақшасына жазба жариялады. Ол жазбасында "гендер-патидің" қазақ халқына жат дүние екенін алға тартты.

"Гендер-пати керек пе? Қазіргі жұрт еліктегіш боп кетті ғой. “Біреудің қаңсығы басқаға таңсық” деп шетелдің түрлі дәстүрін сіңіріп алдық. Жапа-тармағай жасап жатырмыз. Ер-азаматтарымыз әйелінің шермиген қарнын сипап, сүйіп суретке түсуге ұялмайтын бопты. Оны жаһанға жария қып, инстаграмға жариялауға да арланбайды. Құдай-ау, еркектік намыс қайда? Жігіттеріміз не боп кеткен?

Ол мәселенің бір жағы болса, екінші жағы тағы бар. Қазақ әйелдің бойына бала біткенін жаһанға жарияламаған. Жасырын ұстаған. Біріншіден тіл-көзден қорғанса, екіншіден “ұят болады” деген. Аяғы ауыр келіншек мол көйлек киіп, барынша ішін білдірмеуге тырысқан. Тіпті босанғанша төркініне бармаған. Әкесі мен бауырларының көзінше шермиген қарынмен жүруге ұялған. Жүкті әйелді сәлем салудан да босатқан. Сондағысы, қайнағаларынан ұялып қалмасын дегені.

Ал қазір ше? Бала құрсаққа біте салысымен атойлап, жар салады. Бірінші УЗИ, екінші УЗИ, бәрі инстаграмға салынады. Ол ол ма, гендер пати деген шықты. Әйел баланың жынысын өзі біліп алады. Күйеуіне айтпайды. Күйеуі мен жұртқа жариялау үшін той жасайды. Мұндай тойды шала қазақ блогерлер жасағанға таң қалмаймын, ал елге танымал азаматтарымыз жасап жатқанда сөз таппайды екенсің", - деп күйінді ақын.

Сара Тоқтамысова бұлай жалғаса берсе, жасырын ұстайтын ештеңеміз қалмайды деген пайымға келіп отыр. ⠀ "Баланың қашан құрсақта пайда болатынын да, қашан туылатынын да, жынысын да білуші тек Алла емес пе? УЗИ көрсеткенімен, ол да қателесуі мүмкін. Осы жайлы гинеколог дәрігермен сөйлескенмін. Аналар бала жынысын айтпауын сұраса, қағазға ХХ немесе ХY деп жазып береміз дейді. Кейін тосын сый жасау үшін ғой. Алайда, Алла да өзінше тосын сый жасауы мүмкін. Яғни, “ұл дегені қыз болып, қыз дегені ұл боп шығатын кездер көп болады” дейді дәрігер.

Сонда жаңағы бәленбай адамды жинап ап, көгілдір немесе күлгін киім киіп той жасағандар қандай күйде болар екен? Ол аз дегендей балаға киім алып, бөлмесін жабдықтап қоятынын қайтерсіз? Алдын-ала дайындауды жаман ырым демесе де, көгілдір түсті бөлмеге қыз, күлгін бөлмеге ұл келсе қайтеді? Қазақтың тіпті бала туылған соң да қырық күнге дейін көңілі күпті болған. Баланы қырқынан шыққанша жұртқа көрсетпей күтімде ұстамаушы ма еді? Не болып барамыз? Бұлай жалғаса берсе, қасиетті санап, жасырын ұстайтын ештеңеміз қалмайтын шығар", - деп жазды өнер иесі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1944076-ne-bolyp-baramyz-aitysker-aqyn-sara-toqtamysova-gender-pati-zasaityndarga-suilikti/