"Екі аптадай ғана ғұмыры қалды деді": Досхан Жолжақсынов Нұрғиса Тілендиевке қалай атақ сұрап берген

Опубликовано:

Досхан Жолжақсынов
Досхан Жолжақсынов. Фото: YouTube/Qasqa Jol

Қазақтың әйгілі күйші композиторы Нұрғиса Тілендиевтің өмірден өтерінің алдында Халық Қаһарманы атағын алып үлгеруіне актер Досхан Жолжақсынов пен Иманғали Тасмағамбетовтің тікелей қатысы болған. Ерекше оқиға туралы Жолжақсынов Qasqa Jol Youtube арнасында журналист Абай Сейфуллаға берген сұхбатында айтып берді.

Актердің сөзінше, Тілендиев 1998 жылы ауруханада қатты сырқаттанып жатқан.

«Біз Иманғали екеуміз күнара барып көңілін сұраймыз. Араға бір аптадай салып бір келгенімізде Имекең дәрігермен сөйлесті. Дәрігер «Екі аптадай ғана ғұмыры қалды» деді. Былай шыққан соң қатты қысылып, көзімнен жас шығып кетті. Нұрағаңдай арыстың кетіп бара жатқанын көзге елестету қиын еді.
«Шіркін, неге осы кісіге, қанша буынды қалыптастырған қаһарманға Халық Қаһарманы атағы берілмейді?!» деп едім, Имекең маған оны хат етіп жазу қажеттігін айтты. Бір екі күннен соң Сыздық Жұматайұлы қайтыс болып, мен директор болып тұрған Жасөспірімдер мен балалалар театрынан шығаруға шешім қабылданды. Елбасының өзі қатысатын болды. Ал мен әлгі хатты жазып, дайындап қойғанмын», - дейді Досхан Жолжақсынов.

Алдын ала дайындалған ол Ермек Серкебаев, Манаш Қозыбаев, Қалтай Мұхаметжанов, Әлібек Дінішевтермен сөйлесіп Тілендиевке Халық Қаһарманы атағын беру туралы келісімдерін ауызша алып алған. Тек Роза Бағланова қарсылық білдіріпті.

«Содан хат жазылған қызыл папканы дайындап қойғанбыз. Елбасын қарсы алып, Сыздық Жұматайұлын жерлеп келе жатқанымызда Иманғали Елбасыға «Сізге Досханның бір ауыз әңгімесі бар» деп еді, Нұрсұлтан Әбішұлы тоқтап бұрылды.

Мен «19 ғасыр бізге Құрманғазыны беріп еді, 20 ғасыр Нұрғиса ағамызды берді. Өзіңіз бастаған қаншама буын осы кісінің ән-күйімен рухтандық. Мен атақ сұраймын, Халық Қаһарманын сұраймын» дедім.

Елбасы құжатты сұрап қарады да «Бұған қол қою керек, ауызша болмайды» деп айтты. Содан Елбасы қойнынан қаламын суырып маған берді, Иманғали жүгіріп келіп арқасын тосты, мен «Қазақстанның Халық әртісі Досхан Жолжақсынов» деп жазып, өз қолымды қойдым. Сөйтіп, ол қағазды Нұрсұлтан Әбішұлы бір кісіге тапсырды», - деп еске алды актер.

Алайда сүйінші жаңалық көп күттірмеген.

«Сол кеште Иманғали екеуміз бильярд ойнап жатыр едік. Сағат 21:45-те Нұртай Әбіқаев Иманғалиға телефон шалып, «Қайырлы құтты болсын, Елбасы Халық Қаһарманы атағына қол қойды» деді. Сол сәтте көзімнен парлап жас кетіп, бұрышқа барып еңіредім.
Имекең «Қой, енді неге жылайсың» деп жатты. Мен тұрып: «ертең ұрпағым жақсы актер, режиссер болдың дер. Бірақ елдің көкірегінде таңбалы болып қалардай не бітірдіңіз десе, Ұлы Нұрғиса Тілендиевтің Халық Қаһарманы атағын алуына дәнекер болдым деп айтамын дедім», - дейді Жолжақсынов.

Осы оқиғадан кейін көп өтпей, нақтырақ айтқанда 1998 жылы 15 қазанда ұлы композитор дүние салады.

«Содан үш аптада көз жұмады деген Нұрғиса Тілендиевтің ғұмырын екі айға создық (Күледі). Екі ортада күйшіні бір шелек қымыз алып, Алатаудың бөктеріне серуендетіп қайтым. Таудан қайтарда да қатты ауырды. Сөйтіп екі айдан соң дүние салды.

Тілендиевке Халық Қаһарманы берілмесе де жұрты мойындаған, халқы бар атақты өзі беріп қойғандай адам. Дегенмен менің қолымды қақпай, уәжіме тоқтауы Елбасының да кемеңгірлігін, тұлғалығын, болмысын білдіреді.

Әйтпесе, ол кісі «Сенің онда шаруаң қанша, өз жұмысыңды істе» десе не болады? Мен емес, ар жағында ұйытқы болып жүрген Иманғалидың күні не болар еді», - деп еске алды актер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1944641-eki-aptadai-gana-gumyry-qaldy-dedi-dosxan-zolzaqsynov-nurgisa-tilendievke-qalai-ataq-surap-bergenin-aitty/