"Анам өмірден өткен соң күйзеліске түстім": Қызылордалық сылақшы қыздың танымалдылығы күн санап өсуде

Опубликовано:

Гүлмайдан Серікбай
Гүлмайдан Серікбай. Фото: instagram.com/impresario.tv/

Қызылордалық сылақшы қыз Гүлмайдан Серікбайдың танымалдылығы күн санап өсуде. Бір аптаның ішінде оның желідегі парақшасына 60 мыңға жуық оқырман тіркелген. Бірер күн бұрын әнші қыз алғаш рет өнер сахнасына шығып, танымал жұлдыздар қатарында ән айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бір аптаға жетер-жетпес уақыт ішінде Гүлмайданның есімі бүтін Қазақстанға танылып үлгерді. Оны телеарналар түсірілімге шақырып, БАҚ жарыса сұхбат алған. Құрылыс басында сылақ жасап жүрген пәтер жөндейтін қыз осылайша енді өнер жолына аяқ басты.

Әнші Сәкен Майғазиев оның Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында оқуын жалғастыруына мұрындық болып, ол музыкалық білімін аяқтауға мүмкіндік алды. Бұған дейін ол Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы университетте оқығанын, алайда отбасылық себептерге байланысты оны тастап кетуге мәжбүр болғаны айтылған. Гүлмайдан Хабар арнасына берген сұхбатында, оқуын жалғастыра алмауына бірнеше жағдай, оның ішінде анасының өмірден өтуі себеп болғанын баяндады.

"Оқуымды тастауыма бір емес, бірнеше жағдай себеп болды. Тұрмысқа шығып, бөпелі болдым. Сонымен бірге, тура сол уақытта анамнан айырылып қалдым. Сөйтіп күйзеліске түстім. Ешнәрсеге зауқым болған жоқ", - деді ол.

Желідегі видеоны көріп, белгілі отандық продюсер Жан Мұқанов оны кәсіби студияға шақырып, ән жаздырды. Продюсер, одан бөлек, Дана Серікбайды жаңа жылдық мерекелік түсірілімге шақырып, дарынды келіншек өнер сахнасында алғаш рет ән салды.

Бұл туралы продюсердің өзі желідегі парақшасында мәлім етті.

"Интернет пен онда отырған жандардың күші деген расымен ғажап. Үш күн бұрын ғана желіде бөлме ішін сылап жатқан қыздың ән айтып отырған видеосы пайда болып, оны оқырмандарым маған жібере бастады. Көп ойланып жатпай, мен бұл қызды табу мақсатында сториз түсіріп, халықтан көмек сұрадым. Өзім де Дәулет Мұқаевқа жаздым.

Ол қыздың нөмірін берді. Бағым Мұхитденова бірден трек жазды, Мира Берген образын жасады, ал Ілияс нөмірді қойды. Мұндай кәсіби мамандар іске кіріскен кезде, бәрі тез болады", - деп жазды ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1945350-anam-omirden-otken-son-kuizeliske-tustim-qyzylordalyq-sylaqsy-qyzdyn-tanymaldylygy-kun-sanap-osude/