"Жабырқап жүрген көңілімді көкке көтерді": Ақбота Керімбекова Роза Рымбаеваға алғысын жаудырды
Жарияланған күні:
Қазақстандық танымал әнші Ақбота Керімбекова желіде Роза Рымбаеваға жазба арнап, ол туралы не ойлайтынын айтты. Ол өнердегі үлгі тұтар әпкесіне деген өзінің құрметін білдіріп, оның бойындағы асыл қасиеттерін атады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Ақбота Керімбекова Рымбаеға қатысты өз ойын Instagram парақшасында жеткізген. Ол туған күніндегі видеомен бөлісіп, қазақ өнерінің дүлділіне жылы лебізін білдірді.
Өнер иесі Роза Қуанышқызын қазақ ән өнеріндегі ең кәсіби әрі ең мейірбан талант екенін атап өтті.
"Кешегі кеште менің рухымды серпілткен ҚР Еңбек Ері, Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Роза Қуанышқызы Рымбаеваның лебізі десем артық айтпаған болар едім!
Расында Роза Қуанышқызы қазақ ән өнеріндегі ең кәсіби әрі ең мейірбан талант. Оның аса биік музыкалық талғамы, өзінен кейінгі толқынға қоятын қатал талабы, дөп беретін бағасы, өзін-өзі ұстау мәдениеті, заманға лайық көзқарасы маған және менің замандастарыма ерекше әсер етеді. Оның қатқыл мінезі, қатулы қабағы шын дарынның маңдайынан сүйгенде ұмытылып кетеді. Оның нағыз керек кезінде шын өнерліні қолдай алатын қасиеті мына жылы сөзі сатулы қоғамда нағыз ерлікке пара-пар әрекет!
Күні кеше де думанды кешіме арнайы келіп, көптен жабырқап жүрген көңілімді көкке көтеріп кетті. Лайық көріп айтқан әр сөзін тыңдаған сайын жаным жадырап, ән салғым келді, киелі сахнаға құштарлығым артты. Міне, қамқорлық! Міне, биіктік! Міне, мотивация!
Роза Рымбаева, өзіңіз лириканың ханшайымына теңеген ізбасарыңыз Ақбота Керімбекова ән әлемінің падишасы атанған сізге бас иеді.
Сіз біздің генералымызсыз! Жасай беріңіз, ұлт мақтанышы, шын таланттардың нағыз жанашыры", - деп жазды Керімбекова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1946049-an-aleminin-padisasy-aqbota-kerimbekova-roza-rymbaevany-zer-kokke-syigyzbai-maqtady/