Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жалаңаш сахнаға түсіп, шектен шығу керек болды": Танымал актер бір пәтердің құнына татитын гонорардан не үшін бас тартты

Опубликовано:

Нышанбек Жұбанаев
Нышанбек Жұбанаев. Кадр: YouTube/Nartai Aralbaiuly

Отандық "Сәке", "Шекер" фильмдерінде ойнаған актер Нышанбек Жұбанаев журналист Нартай Аралбайұлына сұхбат беріп, қазақ кино және театр өнері саласындағы проблемалар туралы айтты. Ол отандық актерлердің жалақысының аздығы мен баспанасының жоқтығы туралы мәселені көтеріп, өзі де бүгінгі таңда пәтел жалдап тұратынын жеткізді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Нышанбек Жұбанаевтың кинодағы рөлдері көптің көңілінен шығатынын елдің желіде қалдырған көптеген пікірлерінен көруге болады. Олар актердің шынайы ойынына риза болып, жылы лебіздерін жиі білдіріп жатады. Дей тұрғанмен, актер бұдан бірнеше жыл бұрын еліміздің белді театрларының бірі - Ғабит Мүсірепов атындағы Жасөспірімдер театрында жұмыс істеп жүрген жерінен шығып кеткен. Оған себеп, басшылықтың ауысуы дейді. Айтуынша, Жүргенов атындағы академияны бітіріп, театрға жұмысқа орналасқан ол бірде бір рет басты рөлді сомдауға рұқсат ала алмаған. Қазіргі таңда ол отандық киноиндустрияда бағын сынап жүр.

Жұбанаев сұхбат барысында елдегі театр мен өнердің дамуына үлес қосып жүрген актерлердің жалақысы мәселесін көтерді. Ол айлықтың аздығы сапаға әсер етіп жатыр деген ойда. Мәселен, айына 100-120 мың көлемінде жалақы алатын актерлер өнерді дамытуға емес, күнкөріс көзін іздеуге мәжбүр, дейді актер.

"Қазақ театрларының "бір кем дүниесі" - жүйенің дұрыс еместігінде. Қазақта сөз бар ғой, "Ерім деп еңірейтін ел болмаса, елім деп еңірейтін ер қайдан болады?", - деген. Жалпы режиссерлердің, көркемдік жетекшілердің, сондағы басшылардың актерлерге жанашырлығы болмаса, актерлер де қолын бір сілтейді. Мысал үшін, кем дегенде 800 мың - 1 млн көлемінде айлық алса, біздің театр актерлерінің сапасыз ойнауы тыйылар еді. Бәрі демеймін, бірақ көбі тойды ойлап тұрады, түсірілімді ойлап тұрады, дубляжды ойлап тұрады, бала-шағасын ойлап тұрады, сөйтіп ол байғұс қалай образ жасайды?

Соған министрлік жағдай жасап берсе, ең аз дегенде үйсіз жүргендеріне үй берсе екен деймін. Театрлардағы актерлердің 20 пайызы ғана жұлдыз болып, киноға түсіп, бағдарламаларда тележүргізуші болып жүр. Қалған 80 пайызы сол театрға таңертең барып, кешкі 11-де қайтып жүр ғой. Негізі, нағыз "өнер" деп жүрген солар, нағыз жанашырлар да солар. Солардың қолынан басқа тірлік те келеді. Бірақ, театр мен киноны бірге алып жүру өте қиын", - дейді ол.

Сұхбат барысында актер өзінің де пәтер жағалап жүргенін, баспанасы жоқ екенін айтты. Десе де ол өмірлік көзқарастарына қайшы келетін жағдайда, қомақты гонорарлардан бас тарта алатынын жеткізді. Мәселен, Алматыда екі бөлмелі пәтердің құнына татитын гонорардан ол жалаңаш сахнаға түсу қажет болғаны үшін бас тартқан.

"Маған сондай гонорарды бір жоба ұсынған болатын. Өте үлкен ақшаға. Алматыдан орташа, екі бөлмелі пәтер алуға болатын сома. Онда жалаңаш түсу қажет болды. "Сәкеде", "Шекерде" мені көргендер "ондай нәрсе жасадың ғой кинода" деуі мүмкін. Бірақ, бұл жерде шектен шығу қажет болды. Қатты көрсету керек болды. Мен оларға "одан да порноактерді шақыра салсаңдаршы" дедім. Жалпы менің айтқым келіп отырғаны, ақша да, танымалдылық та адамгершіліктен аттауға себеп емес. Одан аттай алмайтын сәттер болады.
Ол жерде ақша да, таныс та - ештеңе рөл ойнамайды. Ол жерде таза сана-сезімің, иманың, құдайдан қорқатының алға шығады. Себебі, кино, ол - тарихта қалатын нәрсе. Мен әлі күнге дейін пәтер жағалап жүрген актермін. Бірақ, ертең балаларым, немерелерім, шөберелерім - бәрі көргенде, мен жауап бре алатындай болуым керек. Менің ұрпағым менің жасаған дүниелерімді көрген кезде жаман ой қалмауы керек. Мен өзімді ғана емес, ұрпақтарымды да ойладым", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1946099-sekten-sygu-kerek-boldy-tanymal-akter-bir-paterdin-qunyna-tatityn-gonorardan-ne-usin-bas-tartty/

pixel