"Балалы болу үшін бармаған жеріміз жоқ": Танымал актер Азамат Сатыбалды алғаш рет жан сырын ақтарды

Опубликовано:

Азамат Сатыбалды
Азамат Сатыбалды. Фото: instagram.com/azamatc/

Отандық актер Азамат Сатыбалды журналист Аман Тасығанға сұхбат беріп, шығармашылығы, басшылық қызметі, жеке өмірі мен театрға деген сүйіспеншілігі туралы әңгімеледі, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Көпбалалы отбасында өскен Азамат Сатыбалды бүгінде жары, актриса Назгүл Қарабалина екеуі Сұлтан есімді ұл баланың ата-анасы. Шаңырақ көтергелі 20 жыл болса да, ерлі-зайыпты бір ғана сәбимен шектелген. Актердің айтуынша, ол өмірінде бірнеше сәбидің әкесі атанғысы келген. Алайда, тағдырдың жазғанына шара жоқ екеніне көзі жеткен соң, осы күніне шүкірлік айтып өмір сүруді үйрендік, дейді.

"Мен бір баламен шектеліп қаламыз ба деп ойлаған жоқпын. Балалы болу үшін бармаған жеріміз жоқ. Көп баланың болғанын қаладық. Бірақ сол үшін отбасындағы атмосфера бұзылған кезеңдер болды. Себебі қазақ көңілге қарамай: "Бір балаға қарап, не істеп жүрсіңдер?", - деп айта салады ғой. Ол адамның көңіліне тиеді.

Менің досым бар Мәлік Отарбаев дейтін, жазушы. Сол мені бір ауыз сөзбен тоқтатты. "Азеке, Алла тағала адамға он балаға татитын бір бала бере ме әлде бір балаға татымайтын он бала бере ме, өзі біледі. Сондықтан, барымен базар, барына шүкір деңіз. Осы Сұлтаныңыздың артынан көп немере еруін сұраңыз да, тәубе деңіз", деді.

Не сұрасаң, сонымен сыналасың деген. Ибрагим пайғамбарымызды баласы Исмаилмен сынаған. Сынақ болмасын десеңіз, барына тәубе деңіз. Егер Алла маған тағы да бала нәсіп ететін болса, онда беретін еді ғой. Алла бермегенге таласып, қарсы шығып не керегі бар? Мүмкін осы Сұлтанымыздың артынан ұрпақ көп болатын шығар? Кім біледі? Мұның ар жағында да сыр бар шығар деген ниетпен өзімізді өзіміз жұбатуға тырыстық. Тәубә деп өмір сүріп жатырмыз", - деді ол.

Актер сұхбат барысында өзіне сәби сыйлағысы келетін қыз-келіншектердің болғанын жасырмайды. Алайда актер бұл дүниеге үлкен жауапкершілікпен қарайтынын айтады.

"Ондайлар болды, бар да. Оның барлығы жауапкершілік, некесіз дүние дұрыс емес. Оның барлығының артында сұрауы болады. Заңды өмір сүруге тырыстым, тырысып та келемін", - дейді ол.

Ал Аман Тасығанның "Егер екінші әйел алатындай жағдай болып жатса, Назгүл осы мәселеге даналықпен қарай ма?", - деген сұрағына актер барлығы тағдырдың қолында деген жауап айтты.

"Оны Аллаға аманаттау керек. Ол Назгүлдің де қолынан келмейтін дүние. Алланың құзыретіндегі жүние. Екінші әйел аламын, не алмаймын деп айта алмаймын. Тағдырыма сол жазылып қойған болса, ол болады. Ол Назгүл қарсы келсін, келмесін - ол болады", - деген ол қазіргі түні ұлы Сұлтанның барына шүкір ететінін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1948409-balaly-bolu-usin-barmagan-zerimiz-zoq-tanymal-akter-azamat-satybaldy-algas-ret-zan-syryn-aqtardy/