"Бірден көне қойған жоқ": Сәбит Әбдіхалықов алғаш рет жас жұбайымен қалай танысқанын айтып берді

Опубликовано:

Сәбит Әбдіхалықов
Сәбит Әбдіхалықов. Кадр: YouTube/Уақыт көрсетеді

Танымал қазақ актері, режиссер Сәбит Әбдіхалықов бес жылдан бері алғаш рет сұхбат беріп, жеке өміріне қатысты бірқатар жайттың бетін ашты. Бірер жыл бұрын үшінші мәрте шаңырақ көтерген ол жұбайымен қалай танысқанын баяндады деп жазады "Уақыт көрсетеді" бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Сәбит Әбдіхалықов екі жыл бұрын үшінші мәрте шаңырақ көтерді. Бұған дейін өнердегі танымал қазақ қыздарына жар болған актердің таңдауы үшінші жолы да театр актрисасы Динара Абдуллинаға түскен. Бүгінде Динара мен Сәбит бір жарым жастағы ұлы Хақназарды тәрбиелеуде. Сұхбат барысында Әбдіхалықов жарының аяғы ауыр екенін және жуырда жетінші перзенті дүниеге келетінін хабарлады.

Одан бөлек, сұхбат кезінде актер жас бойжеткенмен қалай танысқанына тоқтала кетті. Айтуынша, актриса онымен көңіл жарастыруға бірден келісе қоймапты.

"2016 жылы отбасыммен болмаған соң екі жыл күйеубаламның үйінде тұрып жүрдім. Жүрек ауруы болғандықтан, уақытылы тамаққа қарау керек болды, денсаулық болмады, қарындасым қарады. Сөйтіп, 2017 жылдары театрды басқарып жүргеннен кейін әңгімелесесің, байқайсың. Ұжыммен сөйлесесің. Әңгімесі түзу, көңіл жарасты. Жеңгеңіз де бірден маған қарай қойған жоқ. Бір жылдай кездеспей жүрді. Өйткені бұл кісіге де әңгіме айтады. Театр бар, ұжым бар. Менің де беделім жақсы емес. Екі рет ажырасқам. Мен туралы неше түрлі әңгімелер бар. Адам мақтанатындай репутация емес менде. Әрине ойланады. Оның да ағайын-туысқандары бар. Жас қыз. Сөйтіп, көңілім қалап, жүрегім қалап, бұл кісі де ойланып, мені екі жылдың көлеміндей танып-білді.

Әлеуметтік желіде де мен туралы түрлі әңгімелер жүріп жатты. Жақындары бар, таныстары бар. Екі рет ажырасқан адам, ертең сенімен де ажырасады деп айтады. Жалпы, екі рет ажырасқанда, маған "әйелдерін тастап кеткен" деп көп айыптайды. Бірақ мен бір-ақ нәрсе айтамын. Менің екі әйелім де "Сәбит мені тастап кетті" деп бір де бір рет сұхбаттарында айтқан жоқ. Өздерінің шешімі. Жолдары болсын, бақытты болсын. Мен үйленгенде ешқашан тастап кетем деп ойламаймын", - дейді актер.

Десе де, Сәбит жүрегінде өкініші де жоқ еместігін жеткізді. Ол "балаларымның жанымда еместігі жанымды жегідей жейді", дейді.

"Бір-ақ нәрсе жаныма батады. Балаларым жанымда емес. Бірақ мүмкіндігінше олармен байланысын тұрамын. Ұлым да жиі келіп тұрады үйге, құдайға шүкір. Қыздарыммен жиі хабарласып тұрамын. Мүмкіндігінше беріп (ред. - қаражат) тұрамын. Сұрап тұрады. "Әке қалайсыз" деп жазғанда түсінемін. Мен өткен-өмірді талқылаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Шүкір, Алла тағала алты перзент берді, бұйырса, жетіншісін күтіп отырмын. Қалған өмірімде осыларды жеткізсем. "Әке" деп сұрап келген кезде, қолын қайтармауым керек", - деп ағынан жарылды актер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1949585-birden-kone-qoigan-zoq-sabit-abdixalyqov-algas-ret-zas-zubaiymen-qalai-tanysqanyn-aitty/

jitsu gif